Обложка Бибіш апа

Бибіш апа

Ergali

0% прочитано
Стандартный
Ergali

Бибіш апа

Глава 1

Бибіш апа

Соғыстың кезі. Елдегі бас көтерер еркеккіндіктінің дені қолға қару алып, майданға аттанып, артта қалған қараша елде шал-шауқан, бала-шаға қорғансыз, жыртық көңіл күй кешті. Тау бөктеріне қоныстанған «Ынтымақ», «Талдысу», «Қосүйеңкі» колхоздары мемлекетке өткізетін мал өнімдері – ет, сүт, жүн өндіруде қатардан қалмай жанкешті тірлігін жалғастыра берді.

Адамның қажыр-қайраты тауды да жарып, тасты да бұзуға қауһарлы екен. Бастысы, денсаушылығың болса, бір күн жылау, бір күн бұлау, күліп атар жарық күннен пенде шіркін үмітін үзген бе? Тірмізік тіршіліктің ғажайып құдіреті де осында емес пе? Бірақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей, төтеннен ауыз салған зұлмат дерттің жас балаусаны аяусыз жапырғанына қылар дәрмен жоқ еді. Бас көтерерінен айрылып, қайғы жұтқан елдің екінші жағынан есін алып, қырдағы ауылға қызылша ауруы тарады. Талай жас өскінді дауыл жұлған қызғалдақтай жапырған індетке қарсы тұру үшін жергілікті басшылық жоғары жаққа хабар салып, мына келген індетке мүлдем дәрменсіздіктерін айтып, жәрдем сұрады. Сырқатты емдейтін маманның жоқтығын, ауруды ауыздықтайтын дәрі-дәрмек, екпенің зәрулігін айтып жолданған телеграммаға іле жауап келді. Жаумен соғысуға батысқа қарай жөңкіген эшелонды Жаңақорған станциясында тоқтатып, соғысқа аттанып бара жатқан медсанбат құрамынан бөлінген медқызметкермен, оған қоса екпе, дәрі-дәрмектерді түсіріп алу жөнінде бұйрық келді. Белгіленген уақытта сол кездегі ауатком төрағасы Зұлпыхар Мұсаханов вагон есігінің алдында сақадай-сай тұр еді. Қып-қызыл ағаш вагондар сықырлай тоқтап, көрсетілген вагон жанына келгенде көрді, мұнда да сықыса тізіліп, ажал аузына аттанып бара жатқан өндірдей жас, қарадай көңілің іриді, соның арасында ауданға арнайы бекітілген медқызметкерді өздері осы жерден түсіріп алмақшы.

Айдала болса да тажал апанынан алыс аумақта жан сақтауға мүмкіндік туғанына дені дұрыс адам қуанып, құдайына мың мәртебе шүкіршілік қылса керек еді. Жастыққа не дауа, бойдағы қорқынышын жеңіп тажал атаулыға бекініп шыққан тастүлектің бетін қайтару қиын екен, командирдің атын атап шақырғанына елп ете қалудың орнына «Жоқ, мен соғысқа барамын деп шықтым. Қалмаймын бұл жерде» деп қасарысқан қыздың қайсарлығы таң қалдырды. «Үшке дейін санаймын. Бұйрық орындалмаса атып тастаймын» деген командирдің қатал әмірі соғыс жағдайының не екенін жете ұқтырғандай, ендігі сәтте құм суырған бекеттің топырағына табан тигізіп, беймәлім тағдырға еріксіз мойынсұнған жаутаңкөз өмірі көріп-білмеген айдалада ұнжырғасы түсіп қала берген.

Бұл – Бибіш Смағұлова еді.

ЖҰМБАҚ ТАҒДЫР АЙЫРЫҒЫНДА

Басшылықтың ұйғарымы бойынша Бибіш Смағұлова ауданның төтенше ауру асқынып тұрған Талдысу аймағына баратын болды.

Тағдырдан кім қашып құтылады, тәуекел деген тас жұтар, басқа не салса да үнсіз мойынсұнғаннан басқа амал таппаған бойжеткен үнсіз ғана өзімен бірге түсіріліп қалған қапшықтағы дәрі-дәрмекті түгендей бастады. Еріксіз қолындағы заттарын арқалап алға түскен ат айдаушы қарияның соңынан ілесті. Тау етегіндегі ауылға қарай кететін ат-көлігі сақадай-сай тұр екен. Соған қарай жеделдете басты.

Айнала ақшаңдақ. Көзге түсер ешнәрсе көрінбейді. Оһо дерсің, иен еңісте басын тау жаққа бұрып қаңтарылған жабының қос сауырына әлгі дәрі-дәрмек толы қапшықты артып жатқан арбакеш бұған солидор толтырылған бөшке жанынан бос орын дайындап та қойыпты.

Өздерін күтіп алған ұзын бойлы, шашын артқа қайырған, жалпақ бет, сары өңді, үстіне кител киген Зұлпыхар ағалары қызбен арбаға дейін қапталдасып бірге келді. Реңі сұсты көрінгенмен жүрегі жұмсақ азаматтың бар ықылас-ниеті сол тұрған болмысының өзінен-ақ көрініп тұрғандай, талшыбықтай танакөзді ендігі егелеріне қолымен табыстап, өз көзімен шығарып салмаса көңілі көншір түрі жоқ. «Айналайын-ай, деп келе жатыр іштей. Соғысқа барғанында қаңғыған оқ тиіп опат болар ма еді? Бізге бұйырғанын қарашы».

Колхоз председателі Үсен Сопиевке қызды жақсылап дайындады Зұлпыхар ағасы. Өзі торы атына мініп, кеңсесіне тартты. Ал колхоз төрағасының аудан орталығында әлі көп жұмысы бар, осында кідіруге тура келгендіктен колхоз аттың басын ауылға бұрғызып, өзінен бұрын ажал арашашасындай асыға күткен перизатты тезірек елге жеткізуге асық. Дәрігер қыздың бір тырнағы түссе жауаптылықты арқаланған төраға арбакешіне қарата мына келген қонағын тура бәйбішесінің қолына апарып табыстауды қадап тұрып тапсырды. «Енді бұл менің қызым» дегенді де қосып қойды.

Талдысуға апарар тарам-тарам өмір жолы осылай арна тартқан еді.

ТАЖАЛМЕН БЕТПЕ-БЕТ

Ауылға дәрігер келіп, дертке қарсы әрекеттенуден әжептеуір нәтиже шығып, ел қасіреттен көз ашты. Күн сайын аяулысын ажал жұтқан шарасыз күндер артта қалды. Нәубеттен аман қалған сәбилердің арасында кейін елдің атын шығарған саңлақтар да аз емес екен. Солардың қатарында өз отбасының ғана емес, тұтас ұлттың олжасына айналып, қоғамды тазалыққа тәрбиелеп келе жатқан бір Тынымбай ағамыздың өзі не тұрады?

***

Көк шалғыны белден келетін Үштөбенің аруына қиян шеттегі Қаратаудың етегінде қоңыртөбел тіршілік еткен осы елдің келешек бір отының егесі болып, түтінін түтетіп отырар тілеуқор анасына айналары үш ұйықтаса түсіне кірді ме, кірмеді ме; бірақ тағдырдың жазуымен өмір сүрлеуі осылай тарқатылып кете барды.

Бибіш осы ауылда майданнан жаралы боп балдақпен оралған Тұтқабек деген жігітпен көңіл қосып, қырғызәлі еліне келін атанып, кешегі қиын-қыстау кезеңде әскери тапсырмамен келген қияндағы елде біржолата қалып қойды.

***

Тұтқабектің әкесі Қайырбек ағайыннан жалқылау жігіт еді. Өзінің кіндігінен өріп, желкілдеп өсіп келе жатқан перзенттерінің бірінен соң бірін дерт жалмап, қолға ұстап қалған осы бір жалғызы - қамығыңқы көңіліне тұтқа тұтқан Тұтқабегіне майданға шақырту келгенде шын кеміріліп кеткен. Өзін-өзі қатайтып, тағдырға тісін қайраса да қарсы қылар қайран жоқ еді. «Таз ашуын тырнадан аладының» кебі ғой, жалғыз ұлын шығарып салып тұрып, іштен бұрқылдап шыққан ыза, өкініш, өксік, сұмдық уайымын көрсетпеуге бекініп, тістеніп тұрған күйі ұлына «Барған жеріңнен тез қайт, әкеңнің аузын» деуге шамасы келді. Боқтық сөзді айтайын деп айтты ма, өзінің де, жалғызының да бордай егілген көңілін қайрап, қатайтқысы келгені ме, әлде талықсып бара жатып тал қармаған сыңар қанат сиқы ма?

Аузы дуалы екен. Жалғыз ұл соғыстан аман қайтты. Аяғынан жарадар болып оралған жігіттің ауыл дәрігеріне күні түсіп, алдына неше барса да жазғыра аласыз ба? Денесінде оқ тимеген жері жоқ, өкпенің қуысына кіріп кеткен оқтың жарықшағын дала госпиталінде жатқанында алып тастауға келмегендіктен қанды күннен естелік болып біржолата еніп алса, , бір бүйіріне қадалған қорғасын оғы да терінің ішіне тереңдеп, өзімен бірге өмір сүрді.

Ауыл дәрігеріне сәт сайын күні түсіп, шыдатпай қан қақсатқан аяғына дәрі жақтырып, дәкемен таңдырып, жан шақыратын майдангер жігіт Бибішті көргенде жаралы жүрегі бір аунап түсіп, біртүрлі көңілі өрекпіп, ойы орнығып, төрт құбыласы түгелденгендей күй кешерін сезді. О, тоба, туған жерден тым шалғайда құлазыған көңілін, сартап сағынышын бір өзінен көмек күтіп жәутеңдеген ауыл адамдарының ықыласына жеңдіріп, алғысына кенеліп, солардың алғысының шапағатымен өзінің де жан жарасын емдей білген еліктей қаракөздің де отты жанарлы жауынгердің жанында көңілі жадырап, арқасын тауға тірегендей жұбаныш табарына ақиқат көзі жетті. Осынау тұнық сезімді тілмен жеткізе алмаса да тұңғиық жанармен тілдесудің жөні бөлек екен. Үнсіз ұғысқан екі жас мәңгілікке бір болып, алдағы ауыр ма, жеңіл ме, тағдырдың жүгін бірге көтеріп, мақсат биігіне қол ұстасып бірге аттануға тәуекел етті.

***

Соғыстан соңғы қиыншылыққа толы күрделі кез. Талшыбықтай кезінен тастың жүзінде қайралып, қатайған ауыл дәрігері партия қайда жұмсаса сонда барып, иыққа артылған жүкті ауырсынбай атқаруға сақадай сай тұрды. Қырық жетінші жылдары аудан орталығында тұңғыш бүлдіршіндер мекені ясли балабақша ашылды. Осы мекемені аяққа нық тұрғызу Бибіш апаға сеніп тапсырылды. Күйеуі Тұтқабек орталықтағы МТС мекемесінде механик болып жұмысқа орналасты. Сөйтіп аудандағы алғашқы балабақша тарихында да Бибіш апаның айрықша қолтаңбасы қалды. Осы кезеңдері тұңғыштары дүниеге келді. Есімін Несіпкүл деп қойды.

Аудан басшылығының ұйғарымымен Бибіш апа кейін кент орталығындағы госпитальге жұмысқа ауысады. 1955 жылдан бастап Қосүйеңкі ауылына қайта жіберіліп, дәрігерлік қызметін жалғайтын болды. Қосүйеңкі елдімекенінен бөлек сол маңдағы тау етегін қыстаған малшы қауымды аралап, дәрігерлік қызмет көрсетуді де мойынға алды.

Ортасын тіреуіш етіп қойған жуан бөрене бөлген үш бөлмелі тамның бір бөлмесі «госпиталь». Ауыл адамдарының көбі медпункттен бұрын үйді қолайттайды, қыс қыстау, жаз жайлауда отырар қойшылар қауымы да босанатын әйелдерін айы-күні жақындап, толғағы басталғаннан Бибіштің қолына әкеп тапсырмаққа қам қылады.

Қоржын тамның ортасындағы пештің үстінде шприц қайнатылып жататын темір тостаған жиырма төрт сағат оттан түспейді. Өйткені Бибіш апаның түннің төрт бөлігінде ұйқысын бөліп, сырқаттарға укол егумен өтетін кездері бар. Онсыз ем нәтижесіз.

Ауыр деген науқасты үйде болсын ұстап, уақтылы дәрісін егіп, беті бері қараған соң егелеріне тапсырса, өзі босандырып алған әйел-аналарды аяқ-қолын бауырына алғанша өзі қадағалау үшін көз алдында аялдатып, аянбай қызметіне жегілуді кәсіби міндетім деп білді.

Несіпкүл апа да анасының жолын қуып, денсаулық сақшысы болуды таңдады. Отыз жыл өзі келін болып түскен Бірлік ауылдық емханасында медбике болып қызмет атқарды. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Анасы туралы естелігінде Нестай апа былай деп толғанады.

НЕСТАЙ АПАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

ҚОРЖЫНДА ӨСКЕН ҚЫЗ

Мені ауылдағылар «қоржындағы қыз» деп атайтын. Көшпенді қазақтың баласы қыс қыстау, жаз жайлау көішп-қонып жүріп «аттың қомында, түйенің жалында» өседі ғой. Қараша ауылда дүниеге келген, әке-шешесі бірдей кеңестің қызметіне жегілген ерлі-зайыптыдан туған тұңғышы – мен неғып қосқа жегіліп, қоржында тербетіліп жүрмін? Соның сырын түсіндірейін. Біреу айтпаса да өзімнің есімде: атамның бар кезі. Келіні – яғни менің анам аудан орталығына күнара қатынайды десем де болады. Сол кезде анам мені де өзімен ала кетеді. Аттың сауырында қоржын болады. Мені сол қоржынға салып қояды. Басым қылтиып көрініп, шайқатылып кетіп бара жатамын. Сосын жұрттың мені «қоржындағы қыз» деп әспеттемегенде несі қалды?

Аудан орталығында біздің ауылдың адамдарының Жаңақорғанға келгенде аялдайтын өздерінің «қонақүй» сымағы бар. Жаман шығар, жәутік шығар, бірақ қосүйеңкіліктер қысы - жазы аудан орталығына келгенде аттың басын осында бұрып, өз үйіндей еркін басып кіріп, етігін шешіп, шұлғауын жайып, жата-жастана демалатын жері бұл. Сол үшін бәрі жапатармағай көмек қолын созып, жалпысына ортақ жатын жай тұрғызып қойған. Анам да орталыққа келгенде осы жерге аялдайды. Төбемізді көргеннен жүгіріп шығып, торы атын қораның бұрышына апарып байлап, алдына жемін-суын қойып жататын жамағайынның анамызға құрметі де ерек көрінетін.

Елу үшінші жылдардың кезі болу керек, Жаңақорғанның көшелеріне қара жалау ілінді. Сталин қайтыс болыпты. Жұртшылық қара жамылып, қайғырған көңіл-күй ап-анық байқалатындай. Анам бұл кезде яслидің меңгерушілігінен Жаңақорған госпиталіне ауысып қызмет істеп жүрген кезі. Жұмысына талай еріп барғанмын. Тап-таза кабинеттердің есік алдына тұтқан дәкесіне дейін крахмалданған, тақтайдай боп тұратын.

Қазіргі орталық парктің маңайында тұратынбыз. Өзіміз №169 орта мектебінде оқып жүрміз. Осы жылдары анам үйдегі қайнысын үйлендірді. Беташарды Ғарифолла Құрманғалиев ашты.

Қосүйеңкіде мектеп-интернаты болды. Бүгінде қазаққа белгілі тұлғалар Тынымбай Нұрмағанбетов, Дүкенбай Досжанов, Дина Омарова, Совет Исамбаев осы интернатта жатып оқыған.

Дина Омарова туралы кеңірек тоқталып өтсем, ол ауылдағы қыз балалалардың ішінде алғаш рет ауылдан ұзап, жоғары оқу орнына оқу үшін қалаға аттанған қыз. Дәрігерлік мамандықты бітірді. Көп жылдар туберкулез ауруханасында жұмыс істеді.

1959 жылы дарияның суы тасып, Жаңақорғанды су алғанда госпитальді су шайып кетіп жарамсызданып қалды. Кейін орнына басқа құрылыс түсті.

1955 жылдың 5 маусымында Қосүйеңкіге көшіп бардық. Бұл кездері Ынтымақ, Талдысу, Егізқара колхоздарын біріктіріп Қосүйеңкі еткен кез. Қоржын там салып кірдік. Ұрматастан тұрғызылған үйдің ортасына тіреу қойылған, пеші де ортаңғы бөлмеде. Үйелмелі-сүйелмелі төрт бала өсіп келе жаттық. Анамыз ауруларды да сол үйге әкеп емдейді. Укол салады. Сондықтан ба, оттың үстінен шприц қайнататын қалайы ыдыс түспейді. Бұрқылдап қайнайды да жатады.

Мен ес білгелі анамның мынау тұрған Түркістанға базарлағанын немесе ағайын арасындағы той-томалаққа баруға уақыт тапқанын көрмеппін. Оны айтасыз, анамыздың өзінің бала-шағасына ас-суын пісіріп, жылы жұмсағын жегізіп, бет-ауызына қарауға мұршасы келді ме екен десеңші. Үнемі аттың үстінде. Сырқаттардың қасында. Жанын шүберекке түйіп, солармен бірге қиналып, бірге сыздап, қашан беті бері қарағанша көңіл алаң боп тұрған соң жайбарақат жүру қайда? Кейде алыстағы мал отарынан оралып, «уһ» деп енді аттан түсіп жатса, екінші бір науқас үйде күтіп отыратындықтан, сонымен әуреленіп кетеді. Сонымен аяқ созып, бел жазып, шайын ішуге де мұршасы болмай, қайтадан әлекке түсіп, шипагерлік кәсібіне кірісіп кетер еді. Осылай жүргенде үй шаруасына мойын бұруға мұрша бар ма? От басы, ошақ қасының бар тірлігі бала-шағаның мойнында. Менің кір жуудан, нан көмуден қолым босамай, қалған уақытымда балаға қарауға міндетті болдым.

ГОЛУБЧИК, МОЯ

1947 жылы туылғанмын. Мен тоғызыншы сыныптан соң жүрек қалауыммен медучилищеге оқуға түстім. Көп балалы отбасының мүшесі ретінде өтініш айтып сабаққа қатыспай, сенбі күні сұранып кетемін. Сондағым, ауылға құстай ұшып жетіп, анамның қолын ұзартсам деген тілек. Үйді сыпырып-сиырып, қағып-сілкіп, кірді жуып, тап-тұйнақтай етіп кетсем – ауыл тұрмысында ол да көп көмек қой.

Анамның ауруды түйсікпен де сезетін қасиеті болатын. Кейде шопандарды жаңа аралап келіп жатса да жаны тынбай, өзі көріп қайтқан науқасқа қайта аттанып бара жатады. Аяғым тартпап еді, жағдайы жақсарғанына көзімді жеткізіп қайтайын дейді. Шынында, қайта барғанында науқастың қиын халінің үстінен түскенін айтатын.

Елде босана алмай жүрген қанша анаға көмектесті. Емдетті. Күрделі сырқаты барлардың үлкен жерге барып қаралуына қамқорлығын аямады. Өз жұмысына берілген осы адалдығын білгендіктен бе, отыз жылдан аса облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы болып қызмет атқарған София Махашева апайымыз анамызды өте жақсы көрді. Ол кісіні ауылға келгенінде талай көрдік те, жанында облыстық аурухана бас гинекологы Егорова деген кісі «Голубчик, моя» деп мақтайтын анамызды. Әрине, бұған біз де марқайып қаламыз.

Анамның шашы өте ұзын еді, кейін көз өтті ме, жоқ аяз бен жаңбырды елемей, жаяу жүрген күндердің сызы өтті ме, анам қатты ауырды. Сол кезде ұзын шашы селдіреп түсіп қалды. Қызыл телпегі бар еді, онысын маған берді.

1962 жылдың 19 желтоқсаны. Анамыздың аудан орталығындағы перзентханада жатып босанып, үйге осы келген беті. Қайнар деген жерде шопан әйелі толғатып, жедел жәрдемге шақыру алған анамыз жас босанып отырса да шақалағын қалың көрпеге орап, алдына алып, өзі мотоциклге отырып кете барды. Өз ісіне осыншама берілгені ғой, жанын күтіп, денсаулығын да ойламай, тіпті бауырындағы жаңа туған нәрестесінің өмірін де тәуекелге тігіп, өмір мен өлім арасында жатқан ананың жанына араша болуға малшылар қыстауына аттанып кетті. Аман-есен босандырып қайтып келген анамызды батыр десем де болар. Алланың да кеңшілігі ғой, өзгеге жүрегін жұлып берер пендесіне жәрдемдесіп, көк періштелері бір қанатымен дауылдан қорғаса, бір қанатымен суыққа ық болып, ақ желеңді абзал ананы құндақтағы бөбегімен қоса қайнар бұлақтағы қараша үйге жеткенше қалқалап барған болар. Әйтпесе, анадай суық пен ызғарда жас босанып, иегіне ілініп тұрған тұмса тіршілік құйындай зырылдаған ашық көлікте қойнындағы сәбиімен қоса қатып қалады ғой. Мен өзім солай деп ойлаймын. Солай деп сенемін.

Жақсылыққа жүгірген жанға Алла жар болады дегеннің шын хикметі осы.

Шаруашылықтар бір орталыққа шоғырланғанға дейін Талдысу, Егізқара аймағы апама қарайды. Совхоздың малын бағатын шопандар әр төбенің басында қыстайды. Бәрінің бала-шағасы бар. Жүкті аналар бар, жас босанғанның аяқ-қолын бауырына алып, қызылшақасын қолына ұстап қалуы бар, кішкентайлардың аяқастынан ауырып-сырқайтыны болады, апам барлығын аралап, ем-домын көрсетіп бақты. Дүниеге келген сәбилердің кіндігін кесті. Кейін солар аяққа тұрғанда «кіндік анамыз» деп іздеп келіп жататыны қаншама.

Жазға салым малшылар жайлауға көшкенде апам да дәрі-дәрмегімен бірге ілесіп, бала-шағасы біз де көпке қызмет етудің нығметін ерте сезініп өстік.

Анамның тұла бойындағы ерекше қасиеті - елге деген жанашырлық еді. Жалпыға бірдей қамқор кісі болатын. Осы жылдары ауылдың құрылыс жұмысына шешен ұлтының өкілдері жегілді. Негізінен, бұлар да өз жерінен қуылып, Қазақстанға еріксіз ауып, бас сауғалап жүргендер ғой. Қолдарынан көп өнер келеді. Әсіресе құрылыс жұмысына еп-себі бар әйел-еркегі бригадаға топтасып, жергілікті жердің жоспарымен бекітілген маусымдық жұмыстарды қолдарынан өткеретін. Өз елдерінен жырақта, туған-туыстан шет қалған қамкөңілдер ғой деп оларға да апамның жаны ашып тұратын. Жұмыстың арасында уақыт тауып, қазан тола тамақ істеп, соларға беріп келеді.

Ол кезде саяси көзқарасы күмәнді дегендерді өз ортасынан бөліп, өзге топыраққа жер аударып жіберетін жазаның күшіне мініп тұрған кезі. Сондай жағдайға кез болғандардың бірі, ауылымызда жүрген кім екені, не бүлдіргені беймәлім Протапов деген орыс кісіні ішімдікке тойып алған біреулердің сабап жатқан үстінен түсіп қалады апам. Төбелесіп жатқандардың ортасына түсіп, ана міскінді өзі ажыратып алады.

Бұл кісінің әжептеуір мамандығы бар екен. Бізге учитель қат, ауыл мектебінде орыс тілінен сабақ берді. Осы кісі «Здравоохранение Казахстана» журналына анамның босана алмай қиналып жатқан әйелді қалай босандырып алғаны жөнінде жан-жақты суреттеп очерк жазыпты. Мақаланың астында автордың аты-жөні жазылған, анау-мынау емес, СССР Жазушылар одағының мүшесі дегенді оқып ауылдағылар таң болды. Сол сәттен бастап оған ешкім саусағының ұшын да тигізбейтін болды. Кейін мерзімі бітті ме, ауылымыздан кетіп қалды.

Тағы бір орыс жанұсы – Кузьменко деген кісі және оның әйелі тетя Вера есімде қалыпты. Ерлі-зайыптылар бірі физкультурадан, бірі еңбектен сабақ берді. Орыс апайдың тор шілтер тоқып отыратын әдеті бар, оған анамыз өлердей қызығатын. Үйдегі төсекжапқышқа, киімілгішке, кроваттың жиегіне тор тоқытып алатын. Ауылдағы кілем тоқитын қыздарға да кілем тоқытып, төркіннен іздеп келген бауырларына сыйлық ретінде беріп жататыны есімде. Осы Алматыда тұрып жатқан сіңлісі Мырзағыз сол жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап жүр екен. Кейін Алматыға қыдырып келгенімде маған көрсетіп, көзімді қызықтырды.

Апам жаңаша киінуге тырысатын. Сол кез оқыған қыз-келіншектер стиліне сап киім тіккізетін Түймеш есімді өзінің тігіншісі болатын.

Жан-дүниесі зиялы адам еді. Кітапты сүйді. Әсіресе ескі жыр-дастандарды көп білетін. Үйімізде басы артық дүние жоқ болса да Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы, Әуезовтің «Абай жолы», қазақ-орыс жазушыларының том-том кітаптары тұратын.

Апам 1957 жылдары бруцеллез кеселіне шалдықты. Денесі ісініп толып кеткендіктен лаж жоқ, көйлектерін өзбекше кең етіп тіктіріп киюіне тура келді. «Адам көркі – шүберек» деген рас-ау, мол пішілген көйлектер апамды от басы, ошақ қасындағы салпы етек әйелден айырмасы жоқ жағдайға келтіріп, дәрі қабылдағаннан ісініп толып кеткен тұлғасы сүйгенін емес, сыйғанын киюге мәжбүрлеп,, сұлулыққа әуес кербез талғамын тұсаулап тастағандай. Жұмысы анау, денсаулығы мынау, апамның осы басқа түскенге жасып, тағдыр сынына тапталып кетпесі үшін нәзіктіктен гөрі асқақ рух, атпал жігерді арқа тұтып, айбатты мінезге арқа сүйеп, көп қатая түскені де қатал уақыттың талабы емес пе екен деп ойлаймын кейде.

***

Жетпіс бесінші жылдар. Қоржынтамда тұрып жатқан көп балалы жанұя - біздің әке-шешеміз қыраттың төбесіне бес бөлмелі үй салып, көшіп алды. Ол кезде мен тұрмыстамын.

Бірлік ауылындағы ауруханаға медбике болып жұмысқа орналастым. Негізі ауыл ауруханасы 1967 жылдары салынып берілген. Сол кездің өзінде жан-жақты сапалы, туалеті ішіне қойылған аурухананың жағдайы жақсы күйде болатын. Жігітім ағамның жолдас баласы еді. Қолында жалғыз анасы бар екен. Соғыстан жарадар болып қайтқан әкесі ертерек көз жұмыпты.

Жалғыз келінімін, енемнің қабағына қарап, барынша құрмет көрсеттім. Енемнің есімі Үрқыз еді. 83 жасында өмірден озды. Өте жақсы кісі еді. Өмірінің соңында аурушаң болып баламдай қып бақтым. Үйіп-төгіп батасын беріп отыратын.

Сол кісінің кеңдігі шығар, Қосүйеңкіде орта мектеп болмағандықтан жоғары сыныпта оқитын інілерім Бірліктің мектебінде біздің үйде жатып оқыды.

Өзім осы Бірліктің мектебінде отыз жыл медсестра болдым. Бір өзім төрт бағытта жұмыс атқардым. Патронаж медсестра ретінде тұрғындар денсаулығын қадағаладым. Алпыс жетінші жылдардан бері қарай он бес жыл екпені бір ізге қойдым. Туберкулез ауруларының патронажы ретінде бірнеше жыл Қалаш Басқожаев пен Рашида Ахметоваға есеп беріп отырдым.

Мен жұмыс атқарған жылдары аурухананың бас дәрігерлері Құлтас Әшірбеков, Әлімхан Баубеков, Нұрдәулет Қайырбековтер болды. Әлімхан Баубеков екінші қайтара бастық болған кезінде мен зейнетке шықтым. Одан әрі Нұргүл Жошиева бас дәрігер болып тағайындалды.

Сонымен мен 1994 жылы М. Горбачевтың 25 жыл еңбек өтілі барлар пенсияға шықсын деген жарлығы шығуына байланысты 29 жыл алты ай еңбек стажыммен зейнеткерлікке шықтым.

Алматыға 2000 жылдары қоныс аудардық. Бізден бұрын бала-шаға осында оқып, жұмысқа тұрып, үй алды. Солардың соңынан біздің келуімізге тура келді. Бес ұл, екі қызым бар. Барлығы жоғары оқу орнын бітірген түрлі саланың мамандары.

Қазірде қарашаңырақта ұлым Серіктің қолында тұрып жатырмын.

Анам екеуміз де денсаулық саласында қызмет атқардық. Сондықтан да анамның жұмыс бабындағы қиындық-ауыртпашылықтары аумай-төкпей менің басыма да туды. Рас, дәл анамыз сынды ауылдың бетіне қараған дәрігері болып, аурудың жайымен күн мен түн бірдей сарсылып жүрдім демесем де, қызметімнің өзіндік ауыртпашылығы аз болмады. Неге десеңіз, ол кезде ауыл медицинасында қазіргідей жағдай жоқ. Әсіресе, кадр мәселесі тапшы. Сондықтан уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Ауыл адамдары үй ме немесе аурухана ма деп қарап жатпайды, сырқаттанса, отырған жеріңнен іздеп тауып алып, жәрдеміңе жүгінеді. Біз де ешқандай сылтаусыз қолымыздан келген дәрігерлік көмегімізді көрсетіп барып тыныш табамыз.

Өзім бір үйдің келінімін. Оттың басының да шаруасы жетіп артылады. Соның барлығына үлгеріп бағу үшін таңнан кешке дейін зырылдап, аяқ-қолымыз жерге тимей жүреді.

Балаларымды өмірге әкеліп, оларды оқытып-тоқытып, қазірде бәрі бір-бір үйдің егесі. Өмірге еш өкпем жоқ. Бірақ бір өкініштісі, өзім ата-анамның тұңғышы болғандықтан тіпті балалық дегеннің не екенін білмей, бір үйдің бүкіл тауқыметін игеруге талап қылып, аяулы жандарымның мойнындағы салмақты жеңілдетуге барымды салдым десем де туған анаммен осы кезеңдері оңаша бір бас түйістіріп кеңінен отырып сырласуға уақыт таппаған тәріздімін.

Егер артық көңіл бөліп, ана көңілінің кілтін ашар болсам, ол кісінің маған ақтаратын жан сыры жүрек түкпірінде жатыр екен.

Ол сыр да анау-мынау емес, тірі жанға тісінен шығармай, бүтін бір ғұмырдың нешеме жылдар құлыпта құпия ұстаған жұмбақ тағдыры деуге де болар. Өкініштісі, мен оны кейін, анам өмірден өтіп кеткен соң ғана пайымдап, бармағымды тістегендей күй кешіп қалдым. Ол қандай сыр еді?

Кітапты соңына дейін парақтап оқыған жан бұл сырдың ұштығын ұстағандай болары анық.

КӨҢІЛ СЫЙСА, БӘРІ СЫЯДЫ

Жаңақорған ауданына, тіпті облыс көлеміне аты белгілі дәрігер Жұмабек Сейтмұратовтың Бибіш апа туралы айтары көп екен. Бұл екі кісіні тағдыр әріптестіктен де бұрын апа-інідей бауырластырып, қызмет бабында да бір қазыққа әкеп тоғыстыруы табиғаты бір, қадір-қасиеті ұқсас адамдарды бір-біріне тартып тұрар тағдырдың да жазмышы болса керек.

Ол кезде Жұмабек медучилищені енді бітіріп жұмысқа кіріскен сарыауыз балапан десе болады. Бибіш апаның жанына қызметке жіберілгенімен ауылда жатып-тұрар жай жоқ, бір жамағайынның үйіне жатуға тура келген.

Өзі қағылез, айтқаныңды қағып алатын, бәрінен бұрын төл кәсібіне өлердей берілген адалдығы жанар отынан, әрбір іс-әрекетінен, ынта-жігерінен айқын аңғарылып тұрған бозбаланы Бибіш ә дегеннен ұнатты. Оған қолынан келгенінше көмек көрсетуге бар пейілін төгуге даяр тұрды.

Бір күні Бибіш апа медпункте отырып осы жігітті ұмыт қалып кеткен әлдебір затты алып келуге үйге жұмсаса болар ма? Барып-келетін уақыты өтіп-ақ кетті. Төбесі көрінер емес. Әлденуақытта барып келді. Реңі боп-боз. Қалшылдап қорқып тұрған кісінің райы. «Не болды?» деп су ішкізіп, жайланып отырғызды. Жігіт тілге келген соң барып жағдайды түсінді.

Бұл жігіт жүгіргеннен жүгіріп отырып, есікті ашып үйге кіріп барады. Ауызғы бөлмеде жарық әдемі түсіп тұрған терезенің дәл алдында бір уыс шүйкедей ғана, маңдайында көгілдір қос жанары бағжиып қалған «мыстан кемпір» шашын жуып, тарап отыр екен. Бұрын-соңды апайға келіп жүр, мұндайды өмірі көрмеген жүрегі жұмсақ Жұмекең жігіт басымен қатты қорқып кетіп, сылқ етіп отыра кетеді. Қанша отырғаны да белгісіз, бұл есін жиып келіп тұрған беті екен.

«Ойбуу, - деп шыж-быж болды Бибіш, - Үйде апам бар екенін айтпаппын ғой саған. Менің әжем ғой ол отырған кісі. Менің қолыма келді» деп кінәлі жандай абдырап қалды.

Кейін Жұмекең кең отырып әңгімелескенде білді, Үштөбедегі төркінінен сіңлісі Тәшен хабар салып, кейуанаға ендігі жерде Бибіштің өзі қарауға тура келіп, қолына алыпты. Жасы жүзден асқан ұқсайды. Қызық, деді Бибіш апа, апамның бірде-бір тіс қалмаған қызылиегіне қайтадан тіс шығып келе жатыр. Жүз жасаған кісіге қайтадан тіс шығады деген сөз рас болғаны ғой.

Бибіш апаның үйінің бір бұрышынан жүзден асқан Күмісай әжесіне орын табылғаны бір бөлек, қызметтегі жәрдемшісі Жұмабекке де жай тиді. Дәрігер жігіт бұл үйдің балдарының үстіне тағы бір бала болып қосылды. Көңіл сыйса, бәрі сияды деп осындайды айтса керек.

ЖҰМАБЕК СЕЙТМҰРАТОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

БИБІШ АПА – МЕНІҢ ДЕ ҰСТАЗЫМ

Жүрек қалауыммен дәрігер болуды қалап, алдымен қолымның жеткені, Қызылорда қаласында медучилищені оқып бітірдім. Алғаш аудандағы Бірлік совхозына қарасты Қосүйеңкі елді мекенінде, 23 партсьезде, Кейден ауылында жұмыс істедім. Дарияның бойында 15-16 малшы отбасы отырады. Аққұмның тұсындағы Қауыққа дейін атпен аралап келемін. Негізгі жұмысым сол. Күзден көктемге дейін аралап жүремін. Ауылдарды атпен аралау ауыр., бірақ маған қызық. Барған жерімде атым да, өзім де сыйлымын. «Доқтыр бала» келді деп қуанып қалады. Атымды шөп қорасына кіргізіп, бабын жасайды. Кейде ауырып жатқан балаларға укол салып, екі-үш күн аялдап қаламын. Қауықта он-он сегіз үй бар. Медпункт жоқ. Үй-үйді аралаймын. Мектеп бар, мұғалімі Жүнісбек Ібішев деген кісі. Әрі мұғалім, әрі директор. Ондағы халық – алтый мен қырғызәлі ағайын егін және малмен күн көреді. Онда да медпункт жоқ, екі-үш күн үй жағалап, ем-шараларын жасаймын.

Бірлік совхозының №3 фермасында фельдшер болып барғанымда медпункте Бибіш апа бар екен. Ол кісі мені қуана қарсы алды. Ол кісіні ауылдағылар түгел сыйлайды екен. Мінезі адуынды көрінгенмен жүрегі өте кең екен. Мен ол кісіден кәсіби тәжірибе алуым бір бөлек, қатты мінезінен сабақ алып, біршама қатайдым. Мінез-құлқымның жұмсақтау, олпы-солпы тұстарын жинақтап, пісіп-шыңдалдым. Мені өз баласынан кем көрмегені ғой, үйінде жатқызатын болды. Трактор айдайтын Тұтқабек деген көкем бар бұл үйде. Үйге түн жарымында келіп, таң ата кетіп қалады. Бала-шағасы ол кісінің төбесін де көрмейді. Үш-төрт күнде бір көреміз.

Бибіш апа екеуінің 5-6 баласы бар. Ата-ананың олардың жағдайын үпілеп отыруға да уақыты жоқ. Бибіш апа күндіз болсын, түнделетіп болсын сырқаттарға кетіп бара жатады. Қойшыларға тауға да кетеді. Кейде есекпен, кейде атпен, болмай қалса ауыл ішіне жаяулатып тартады. Ал мен болсам ол кісіні жоқтатпай, медпункте адам қабылдап отырамын.

Апаның бағып отырған әжесі қолында, бала-шағасының да басы бар болғандықтан мен одан әрі осы үйдің ағайыны болып келетін Шәрібек деген кісінің үйінде тұрдым.

Жатсам-тұрсам арманым – медициналық институтқа түсу болып, емтихан басталатын уақытта Бибіш апамның алдына бардым. Әңгімемді тыңдап болған соң «Айналайын-ай, қолым ұзарып қалып еді. Сен де оқуға кетіп барасың. Жақсы оқып, үлкен дәрігер бол!» деп ақ батасын берді.

АУЫЛ АНАСЫ

Қамбар Әжібековтың естелігі

Бұл кісі еркектен артық болды. Қосүйеңкінің келінімін демеді, сол жерде отгонный фельдшердің орнына да жұмыс атқарды. Еркектерше атқа мініп жүреді, боқтайтын жерінде боқтап та алатыны бар, бірақ ешкім ренжімейді де, үндемейді. Қай үйде кімнің ауырып жатқанын сезетін қабілеті бар ма, сол үйге өзі келіп тұратыны бар. Басы мен аяғы үш шақырымдай болатын ауылда күні мен түнінің айырмасы жоқ, атпен, жаяу-жалпы болсын үй-үйді аралап, елге дәрігерлік қызмет көрсетті.

Біздің бала кезімізде ауылда Айшагүл деген медбике болды, ол да атқа мінетін. Ал Бибіш апаның жөні бөлек еді. Батыл, тура айтатын қасиеті бар еді.

Бибіш апаның бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

***

Үлкен ұлы Анарбектің естелігі

Екі қызым Түркістанда тұрады. Келіншегім Түгіскендегі Жүніс Қабетеновтің қызы.

Әке-шешемнің Нестай әпкемнен кейінгі көрген перзенті мен екенмін. Ынтымақта тауда тұрдық. Атамыз 1957 жылы қайтыс болды. Анамыз жұмыста жүргенде бала-шағаға атам еге болып отыратын. Өзі колхоздың мүшесі, жасынан мал бағумен айналысты.

Ал әкем механизатор болған. Алғаш МТС - те трактор айдаған. Анамның үйде болатын кезі кем. Көбіне далада жүрді. Ауылда мектеп-интернат бар-тын. 26 - ның балалары да біздің интернатта жатып оқыды. Араларында «1 майдың» жігіттері де бар. Үйіміз мектептің жанында еді. Үзіліске шыққанда шешемнің нан жауып жатқанын көрсек, бері жақындаймыз. Нанның иісі бұрқырап танауыңды жарғанда жақындамау да мүмкін емес. Үй жанында ағып жатқан бұлақтан су ішкенді сылтауратып тізіліп кеп қаламыз. Шешем қам кесектен сыланған төртбұрышты кетекте нан көміп, шоқтан алып жатады. Қанша нан шықсын, аяп қалмай, қасына кеп тұрған балақандарға сындырып үлестіріп жатады. Жылтың-жылтың етіп ыстық нанды аузымызға сап бұралақтатып шайнап, ішімізге ел қонып, қуанып қаламыз.

Кейін сол балалар маған «талай рет анаңның қолынан нанын жеп едік» деп айтып жүрді. Олардың ішінде Ерехан, Серік деген жігіттер тым жақын еді маған. Кейін ойлаймын ғой, менің анам жомарттың жомарты болған екен-ау. Олай деуімнің себебі мынада. Қазірде арамызда қалталы, тіпті миллиондарды иеленген бай-дәулетті жандар бар. Кейде сол азаматтардың қайырымдылық қадамға барып, біреуге баспана немесе көлік сыйлап жатқанын көрсек, қандай жомарт деп мақтаймыз. Шындығында ол қолындағы дүниесінің жүзден бірін, тіпті мыңнан бірін садақа ретінде мұқтажға ұсынып тұр. Ал енді осындай жандардың қасында менің анамның бергені түк те емес болып көрінуі мүмкін. Бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, анамның бұл әрекеті нағыз жомарттықтың белгісі. Өйткені ол қолындағысының мыңнан бірін немесе жүзден бірін емес, бәрін таратып жіберіп тұр ғой. Яғни бұл бір көріністің өзі оның айнала жұртым дегенде аянып қалар ешнәрсесі жоқ ақ жүректігінің, кең пейілдігінің белгісі емес пе?

Ол кезде ойын баласы үшін күні бойы тоқ жүргеннен артық көңіл тыныштығы жоқ. Сондайда аш өзегімізге талғажау етер жақсы амалымыз бар. Ол – кез келген уақытта есік алдында талда ілулі тұратын сухариге қолды жеткізу. Оны да іліп қоятын біздің апам. Өзі кеш келеді, түн қатады, әйтеуір балаларым аш қалмай, тым болмаса қатты да болса қатырлақ нанды қаужап жеп жүрсін деген мақсат болса керек.

Үйіміз үш бөлмелі, итарқа дейді ғой, төбесін қамыспен жапқан. Бір бөлмесі кәдімгі ауруларға арналған палата, ауру-сырқау жатады ол бөлмеде, оларға анам укол салады, дәрі ішкіізеді, жеке қадағалауына алады. Дембіл-дембіл қызуын өлшеп, түнемесіне де неше тұрып укол егіп жатады. Аурулардың ішінде шал-шауқан, бала-шаға деп бөлетіні жоқ, олармен қоса айы-күні жеткен жүкті аналар да үйдің бір бұрышынан орын алып, анамның қолына қарап жәудіреп көмек күтіп жатады. Шопанның әйелдері кейде науқастанған баласын да көтеріп келеді. Ондайда біздің де басымызға күн туады. Жаңағы ауру меңдеп шырқырап жылаған балақандарды жұбат деп арқамызға салып береді. Сонымен әлек болып кетеміз. Солардың ішінде де кейін өсіп-өніп, адам болып, көрген жерде алғысын жаудырып жататындар қаншама.

Әлі есімде, Жаубасаров Әмір атты азамат інісін көтеріп алып келді. Шырқырап жылаған балақанды көтеріп уата алмай жүрмін.

АНАРБЕКТІҢ ЖАРЫ КҮЛӘЙХАННЫҢ ЕСТЕЛІГІ

Менің әкем Қабетенов Жүніс Ұлы Отан соғысының ардагері, отыз жыл шаруашылықта қой баққан кісі. Тау етегін жайлаған шопан жанұясының балалары аудан орталығындағы №3 мектеп интернатында оқыдық. Ауылдағы дәрігеріміз – Бибіш апа біздің үйдің кенжесі Мейрамбектің кіндік шешесі болды. Әкеміз зейнетке шыққан соң Түгіскен ауылына қоныс аударып, бауырым Мейрамбек қазірде қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр.

Мен жоғары сыныпты Бірлік орта мектебінде оқып бітірдім. Осында өзімнен екі сынып жоғары оқыған Анарбек деген жігітке тұрмысқа шықтым.

Бибіш апаның тұңғыш келінімін. Әрине, алғашқы көрген қызығы болғандықтан апамның бізге мейірімі ерекше түсті. Әке-шешемді бұрыннан танитындықтан, өзі де іштей қалап, баласының шешіміне риза болып, мені өз қызынан кем көрмеді. Біз 1975 жылы отау құрдық. Ол кезде анамыздың елу жасты еңсерген кезі. Бірақ жұмысында зәредей де жеңілдік жоқ, сағатпен санасуды білмейді, күні бойы ат үстінде жүретін еді. Сондықтан ба екен, қолына келін түсіргеннен кейін, ол түсірген адамы ауылдың барлық шаруасын дөңгелетіп әкетуі өмірі бейнеттен босамаған ана көңіліне көп демеу болғандай. Кәдімгідей арқа-басы кеңіп, шаруаның көбін маған жүктеп, ал өзі елдің қызметіне бұрынғыдан да қарқынды қимыл, қажырлы талаппен кірісті.

Мен келгенде Ербол қайным армияда, Болат әлі кішкентай, ортадағылар мектепте оқитын. Келген күннен бастап қарашаңыраққа еге болып, апамның бар жұмысын қолға алған жауапкершілікті ерім Анарбек екеуміз күні бүгінге дейін төмен түсірмей, ата-ана аманатына адалдық танытуға тырысып келеміз.

Ата-ана аманаты дегеніміз - ол кісілердің көзі жоқ кезінде де айтқан ақыл-өсиетіне, тілек-талабына адал болу деген сөз ғой. Қолымызда өскен қайын-келіндеріміз қаздай тізіліп келіп, сәлемін беріп тұрса, соның өзі бізге үлкен құрмет, арқамызды тауға сүйегендей медет. Қартая келе адамға ең керегі – көңілдің ықыласы ғана екен.

Менің апамнан алған өнегемнің үлкені – ешқашан өз жанын күтіп, кісінің көңілін қалдырмауға, өзгенің қажетіне жарап, қолынан келген көмегін көрсетуге ұмтылушылық еді.

Мен Қосүйеңкідегі апамдар жұмыс істеген ескі медпункте де, екімыңыншы жылдарға қарай соғылған жаңа медпункте де санитарка болып жұмыс жасап, ақ халат кидім. Осы жұмысқа мені ынталандырған апам еді. Ол кісі келін дегеннің етекбасты болып от басы, ошаққасынан ұзамай қалуын жаратпайтын. Үй шаруасын тындыруға болады, қабатында толыққанды адамның қоғаммен араласуы керектігін, арғы-бергіні көріп, көңіл көкжиегі кең болуы тиістігін айтып отыратын. Шынында да ауыл әйелі бір мезгіл сыртқа шығып, ортамен араласып қайтса, тым болмағанда шашын тарап, орамалын жөндеп тартып, жаңа киім ауыстырып сыртқы дүниені көріп қайтады ғой дейтін. Шынында таусылып бітпейтін үй тірлігінде әйел адамның жүнжіп кетпеуіне зейін қойып, арыдан ойлаған анамыздың бұл да бір кемелдігі шығар.

Ал өзі зейнетке шықса да үйде отырып қалмады. Неше жылдар табаннан өткен ызғар мен шілденің маңдайдан өткен ыстығына қарсы тұруда дес бермеген денсаулығын қалған өмірінде күтіп, дем алуға да толық құқысы бар еді. Бірақ ауыл адамдары зейнетке шықты екен деп апамды жайына қоятын түрі көрінбеді. Қайсыбірі ауыра қалса емханаға емес, тура үйге келеді. Ауыл адамдарының көңілін жықпай апам амалсыз қызмет өтілін создырып емханада тағы біраз жыл жұмысын жалғастыруына тура келген.

Заңды зейнеттік демалысына толықтай шығып, үйде демалғысы келген апама одан кейін де тыныштық болмады. Апам өзі де елде біреу ауырса түн баласы елегізіп, «қазір біреу кеп қалатын сияқты» деп ұйықтамай, газетін оқып отыратын. Үйде кітап көп еді, апам соның барлығын оқып шықты десем болады.

Мен өзім 2007 жылы зейнеткерлікке шықтым. Жанұяда ерім екеуміз 6 ұл-қызды тәрбиелеп өсірдік. Сәуле, Жандос, Айдос, Зәуре, Салтанат, Олжас атты перзенттер келді дүниеге. Бір кем дүние, ұлымыз Олжастан қапияда көз жазып қайғыда қалдық.

Апам жасы сексенге таянғанда да қалжырадым деп өзінің сүйікті кәсібінен қол үзіп қалмады. Қанша қартайып тұрғанымен ықыласы ауған жұрт апамның алдына келуін қоймады, тым болмағанда батаңызды берңіз деп ол кісінің бір ауыз сөзін дәрудей санайтын ағайынның көңілін жығып көрген емес. Мұның бәрі біздің көз алдымызда өтіп жататын көріністер болғандықтан біздің үйіміз ауылдың ортақ шаңырағы, қасиетті құтханасы іспетті болды. Біз осы үшін мақтанамыз. Осындай жандардың келіні болғаным үшін тағдырыма ризамын. Біздің де айнала ағайын-жұрт, қалың елге айтар тілегіміз осы.

Күлайхан Жүнісқызы

ЕРБОЛДЫҢ ЕСТЕЛІГІ

АНАМЫЗ – АУЫЛДЫҢ КІНДІК АНАСЫ ЕДІ

Мен 1955 жылы дүниеге келдім. Менен соң Ерғали, Нұрдәулет, Болат інілерім туылды.

Негізінен шешеміз сегіз құрсақ көтерген, үш қыз, бес ұл. Гүлбану деген қызымыз сәби кезінде шетінеп кетті.

Ата-анамыз ертелі-кеш халық қызметінде жүрсе де бала-шағасын оқытуға қатты көңіл бөлді.

Орта мектепті бітірген соң аудан орталығында автошколда оқып, одан әрі азаматтық борышымды өтеу үшін әскер қатарына аттандым. Шетелдік туристер көптеп келіп жататын тарихи мекен – «Брест қамалында» әскери міндетімді өтедім. Әлі есімде, біз кетерде жаңа құрылысының қазығы қағылып жатқан Жаңақорған вокзалы екі жылдан соң бір-ақ оралып, «Москва – Андижан» пойызынан түсіп тұрған сәтімде көзіме оттай басылды. Жаңа вокзал жарқырап тұр. Маңдайшасына «Яныкурган» деп жазып қойған. Мойны сорайып тұрған ескі мұнараның ізі де көрінбейді, ой мен шұқыры көп айнала біртегіс реттеліп, перрон реттеліп қалыпты.

Кешқұрым уақыт, таныс ешкімді кездестіре алмай, орталық поштаға келіп, байланыс бөлімі арқылы Бірліктің ауруханасына телефон соқтым. Көп өтпей, сол ауылда тұратын жездем мен үйдегі інім Ерғали екеуі «Москвичпен» келіп ауылды бетке алдық.

Апам менің оқуыма деп қаржысын түйіп дайындап отыр екен. Таңдауды өзіме тастады. «Алдымен өзің оқисың ба, әлде мектепті бітіріп тұрған ініңе жол бересің бе?» деді. Перзентім оқысын деп, жырымшылап жинақтаған қаржысын оқуға ынтызар қайсыбіріміздің жолымыздан аямауға бейіл ана жүрегін ұғып тұрмын. Ол кезде де қанша жақсы оқысаң дағы таныс тауып, қалтаңда қаржың болмаса жолың бола бермейді. Мен өзімнен бұрын ізімді басып келе жатан бауырым – Ерғалидың оқығанын қаладым. Армия қатарында тілдің қорлығын көп көрген басым советтік режимде орысша оқымайынша құқыңның теңелмейтініне көзім жетті. Апам да ойымды құптады. Ерғалиды Алматыға оқуға шығарып салдық. Мен ауылда қалып, шаруашылықта түрлі жұмыстар атқардым. Совхоздың көлігін жүргіздім.

Бір күні ауылдың управляющиі Әбутәліп келіп, совхоздың қойын бағуға қойшы қат болып тұр, соған мені лайық көріп, апаммен келісіп кетіпті. Менің бұл кәсіпке көңілім бұрмай, көнгім келмеді. Атакәсібімізде болмаған, өмірімде айналысып көрмеген шаруаны мойынға алуға жүрексініп те тұрмын. Мен қанша ат-тонымды ала қашқаныммен апам уәдеден тайқуға қымсынды ма, зорлағандай қып жұмысқа жіберді. Лаж жоқ, қолыма құрық алып, қойшы болып шыға келдім. «Бүркітті» тауының бауырындағы «Үш қора сай» деген жерде отырдық. Көмекшілікке жарымжан әкемнен басқа кісінің реті жоқ. Ол кісі де лажсыздан жапан далада бізге қара болып жанымызға келді. Қарамағыма 800-1000 бас қой берілді. Бағудың мехнаты өз алдына, жамыраған тұсақты түнемелікке айдап әкеліп, қада қағылған шеңгел қораға санап кіргізесің, жүз қой, екі жүз қой, қосақтап санамасаң шатасасың. Оны да үйренген болдым.

Бір жылдай ылаждап күн өткізіп, мына кәсіптің бізге қол емес екеніне толық көзім жетті. Қоя қояйын деп шештім. Апам да осыны байқаған екен, «жарайды» деп қарсы болмады. Әйтпесе, шопанның алатын жалақысы жоғары, алдындағы түліктің өсімінен жеке пайдасына көретіні одан бір де кем емес, шынайы талап еткенге табысы көл-көсір кәсіп қой. Соның үдесінен шыға алмадым, құр бекер талай жаңбырдың астында қалып, дауыл мен боранға төтеп беруде денсаулыққа кінәрат жамап алғаным өкініш болды.

Сонымен, қарашаңырақтан еншімді алып шығып, Бірлік ауылына қоныстандық. Осында құрылысқа кірдім. Одан әрі аудан орталығына көшіп келіп, Жаңақорған жол мекемесіне жұмысқа тұрдым.

Тоқсаныншы жылдары мекемелер қысқарып, жабыла бастаған тұста жеке кәсіпкерлікке көштім.

Осындай күндердің бірінде «Казсельхозтехника» мекемесінің ауласында тұрған ескі техникаға көзім түсті. Дөңгелегі бар, тон тігетін көне машинаның инесі орнына пышақ қойылып, кардон кесуге пайдаланып келген бе, енді одан да қалып, қоқысқа лақтырылып не бөлшектерін сатуды мақсат еткен-ау. Мен осы құрылғыны жөндеп алып, палас тігейін деп шештім. Мекеме директоры Жанат Ержановқа «маған осы машинаны сат» деп қолқа салдым. Ол қуана келісті. «Үш мың теңгеге ала қойыңыз» деді. Ол біраз ақша ол кезде. Сонымен, тігін машинесіне керек челнокты алдыру үшін Ташкентке қатынайтын автобусникке 500 теңге ақша бергем, дүкенді аралап тауып әкеп берген еңбегіне тағы 500 теңге беріп екі жақ та ырза болып қалдық. Сонымен бөлшегін түгендеп, құрылғыны әбден майлап, жуан инесін салып, іске қостым, зырылдап жұмыс істеп тұр. Ауданда бір-ақ жерде паластың, алашаның сөгілгенін, жыртығын тігетін шеберхана ретінде атым шығып, наным жүріп кеп берді. Тұрмыстық жабдықтар өз алдына, нарықтың аяққа тұрып, бәсеке ала бастаған кезі, көліктің қорабына жылы жабынды тіккізетін клиенттер қатары артты. Алғашқысына Шайыхов Мырзаштың тапсырысымен түрен салдым. Нақтысын айтсам, Мырзаш құрдасым келіп, машинамды айналып көрді. «Мынауың жақсы бұйым болған екен» деп шын пейілден қуанды. «Маған КамАЗ-ға палатка тігіп бере аласың ба?» деді. Сонымен көліктің қорабына шығып, көлемін өлшеп алып, брезент материалды тігуге кірісіп кеттім. Сырты кленкамен қапталып, дап-дайын болып шықты. Мұны көріп, менің де көлігімді жабдықтап бер деп Ақан келді, оған да осы үлгімен тігіп бердім. Кәсіпкерлер біртіндеп осылай келіп, тапсырыс бере бастады. Бір күндері диірменнің егелері келіп, қабының аузын тіктіреді, оған этикетка жапсырады, барлығына жарап тұрмын. Баяғы мұны маған сатқан Жанатым да кейін диірмені болған кезде маған келіп, қабының аузын тіктіріп, машинаға шын әуесі кетіп «Жигулиге» ауыстырғысы келді. Жоқ деп көнбедім. Қолда тұрған құрылғысының қадірін білмей сатып жібергеніне Жәкең қап деп өкініп қалды.

Бала-шағамның несібесіне жараған осы машинам күні бүгін құтханамның төрінде тұр. Сатып алғысы келетіндер бүгін де табылып тұр. Бірақ кім келсе де сатпаймын дегеннен жаңылмай отырмын. Өйткені бұл мені қиыншылық уақытта асыраған, бала-шағама құт болған құрылғы. Оны ешнәрсеге айырбастай алмайды екенмін.

Қадірі кетіп, қолданусыз жатқан техникалық құрылғыны іске қосып, пайдасын көруде бойдағы өнерімнің кәдеге асқаны рас. Бұл өнер маған қайдан дарыған дегенге келсем, атамыз Қайырбектің Сұлтанбек деген інісі кәнігі ұста болған кісі екен. Сол кісіден келіп тұр ма, оқуын оқымай-ақ жекелердің қолындағы тігін машиналарының да тілін біліп, ақауы болса жөндеп, көптің қызметіне қазір де жарап келемін.

Осы өнерімнің арқасында бір жылдары Алматы мехкомбинатына жұмысқа алынып, кәдімгідей көзге түстім.

Шешемнің бауыры Мырзақыз апа комбинатта цех меңгерушісі екен, мені жұмысқа қабылдап, осындағы бір істемей тұрған құрылғыларын іске қосып бердім. Комбинатта үш ауысымда 180-дей қыз-келіншек, механиктер кілең орыс, кейде жүз грамдатып жұмысқа келмей қалса, жұмыс тоқтап, шулап қалатын кез көп. Мен жұмыстан қалмаймын, үзілген тетікті жалғаймын, тиянақтымын. Бұған басшылық дән риза. Жұмыста жоғарылатпақ. Мұнымды көре алмай орыс ағайындар оңашада сабап алмаққа бекінген байламы не сән? Бірақ бұл жақта нәсіп ұзақ бұйырмады. Ауа-райы келіспеді, аллергия деген есті алып, жағдайым қиындап кетті. Амал жоқ бір жыл ғана жұмыс істедім, бастықтар жібермейміз десе де лажсыздан ауылға қайтып келдім.

Тапқан олжам – болашақ жарым Қостанайдың қызы Кәмиламен осы жерде кездесіп, бас құрадым.

Ауылға келсем, Бірлікте тері өңдейтін цех ашылыпты. Алматыда мехкомбината істеген тәжірибем бар. Сонда жүргенде үйренген тың тәсіл – теріні піскілеу арқылы қарға, жаңбырға төзімді, көн материал дайындау технологиясыың қыр-сырын қоса ендірсем деген талабым да болды. Басшылардың сөз райын байқасам, кәсіпке толықтай өздері егелік еткісі бар. Мен тек оларды оқытып-үйретіп беруге тиіспін, одан әрі ортақ игілікке бірге жұмыс жасайық деген пыйғыл танылмады. Мен осыған ренжіп, қолды бір сілтеп кетіп қалдым. Көп ұзамады, ауылдағы әжептеуір өндіріс орны болатын-ақ реті бар цехтың ісі жүрмеді, жабылып тынды.

Осы күні ойлаймын, отбасындағы жеті ұл-қыздың алған тәрбиеміз ортақ – ел мүддесі үшін қолдан келгенді аянып қалмау. Бұл қасиет біздің тал бойымызға әке-мен шешенің құлаққа құйған құрғақ ақылымен емес, екеуінің бірдей тас түйін бекініп, үндемей жүріп-ақ үлкен іс бітіріп жүретін өнегелік үлгісінен дарыған тәрізді.

Анамыз біздің өте қарулы кісі еді. Аттың үстінде отырғанында барар жеріне дейін тіп-тік қалпынан танбайтын.

Ал төл мамандығы - дәрігерлігіне келсек, Гиппократ антына адал болды. Өз кәсібіне шын берілгендігі ғой, зейнетке шыққан соң да апама тыныштық болмады. Сонда бірде-біреуіне «менің жұмысым жоқ, маза беріңдер» демеді. Қолынан келгенінше көмектесуге әзір тұрды. Тағы бір қасиеті, өзін іздеп біреудің келетінін алдын-ала сезіп, жаны тыныш отыра алмайтын кездері де болатын.

Сондай бір оқиғаны айтайын.

Сексенінші жылдардың орта шені. Ауылда Әбутәліптің үйінде бір жиын болып, сонда жиналдық. Ішіп-жеп, көңіл көтеріп дегендей, түн ортасында қызу үйге оралсам, апам пеш жанында газет оқып ояу отыр екен. «Апа, неге ұйықтамағансыз?» деп едім, «әй, білмеймін, бір албасты келу керек» деді. Амал жоқ, ішкі бөлмеге өтіп, жатып қалдым. Көзім ілініп барады екен. Қақпаны тарсылдатқан үннен ояндым. Шыға берісте байқадым, апам әлі ұйықтамапты. Әлгі «албастылары» осылар болса керек, күні бойы апамды жеңге тұтып мені боқтағанын қоймайтын гүждей ағамыз кеп тұр қора сыртында. «Апам бар ма?» дейді маған жалынып. «Осы не ақыларың бар, апамда, әлі ұйықтаған жоқ» деп мен де бұрқылдап келем. «Жас ана туа алмай жатыр» деген хабар апамды ешқашан тоқтатып көрген емес. Ауылдың дәрігеріне бар, менің жұмысым қанша деп демала берсе де болмай ма? Келген кісінің көңілін жықпай, сыртқа беттеді. Келіп тұрған көлігінің түрі – есекке де ана кісімен екеулеп жүріп апамды зорға отырғыздық. Бұрынғыдай емес, ауыр денесімен мініп - түсу оңай емес. Әйтеуір, күн шыққанша сол үйдегі келінді босандырып, нәрестесін қасына қойып бір-ақ келді апам.

Түндегі бастың ауырғаны бар, түске дейін қатып ұйықтап қаппын. Бір кезде қарасам, кешегі ағайым кеп, дастархан жайып, сыбағамды сайлап та қойыпты. Көңілдің ықыласына бөленіп, көзім ашылып, маңдайымның құрыс-тырысы жазылып, жеңілденіп қалдым. Қуаныштан жүрегі жарылып жүрген ағамыз сәбидің есімін менің құрметіме «Ербол» деп қоятынын айтты. Осылайша апамның арқасында қарапайым жүрген біздер де қадір мен құрметті арқалап, көңіл шуағынан кенде болмаппыз. Ендігі міндетіміз – ата-анамыздың осынау сақы мінезін кейінгіге жеткізу. Айтумен емес, мүмкіндігінше өз мейір-мінезімізбен, болмыс-бітімімізбен, ұлағат-ұстанымымызбен жас өрен бойына өшпестей етіп егу дер едім.

Апам кіндігін кескен осы азаматымыз Қосүйеңкі ауылында есен-аман жүріп жатыр. Сәбиге дүние есігін ашарда апам екеуміздің қатысымыз болғандықтан «Ербол» деген ат қойылды дейік. Мен ше, маған Ербол деген есімді анам қойыпты. Кімді өнеге тұтты? Кімнің құрметіне қойды? Ол кезде ешқайсымыз білмеппіз. Осының сырына кейін, анамыздың шыққан тегін білген кезде барып терең ой жіберіп, бағамдаған жайым бар. Анамыз іштен тынған сағынышын, бірге туғандарының рухына тағзымын үнсіз ғана орындап келген екен ғой деген ой келді.

Біз Бірлікте, одан соң Жаңақорғанда тұрдық. Сонда апам үйге қыдырып келеді ғой. Ол кісінің келгенін біліп, айналадағы қатар-құрбының келіншектері тура біздің үйді бетке алады. Қарны шермиіп кезекке тұрар жәудіркөздерді біртіндеп қарап шығатын апам «Сен пәлені күні босанасың. Ұл туасың немесе қыз туасың» деп айтып беріп жатады. Болжамы қазіргі УЗИ – ден әрмен, айтқаны тура келіп жататын.

Аллаға шүкір, ата-ананың ақылын алып, айтқанына жүрген, батасына кенелгеннен артық нығмет бар ма? Соның арқасында өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Отбасында жарым Кәмила екеуміз Алмат, Самат, Алмас, Жәмила атты ұл-қызымыздан немерелер көріп отырған бақытты ата-анамыз.

ЕРҒАЛИДЫҢ ЕСТЕЛІГІ

БЕКЗАТ МІНЕЗ БАСТАУЫ

Біз осы сәби кезімізде бала болып еркелеп, әке-шешеміздің жан жылуына бөлене алдық па екен? Иә дейін десем, үйелмелі-сүйелмелі өскен бауырлардың бірде-біріміз әлди кезімізде ата-ана құшағына басымызды қойып, мауқымызды басқан сәтіміз есімде жоқ. Қашан қарасаң мемлекеттің жұмысынан қолы босамайтын әке-шешеміздің үйде болатын кезі кем. Тіпті анамыз босана сала белін буып, жұмысқа шығып кететін де, бесіктегі нәрестенің бағым-күтімі де үйдегі ойын баласы - біздің мойнымызға артылатын еді ғой. Титтей балақандар бір-бірімізді сүйреп, бір - бірімізге қамқор болып, бір-бірімізге қарасып, таласып жүріп өсіп-жетіліппіз.

Әке-шешеміз перзенттерінің бойына тәрбие атаулыны өз жүріс-тұрысымен, өмірлік дағды, ұмытылмас ұлағатымен еге біліпті. Сен бүйт, өйт деп құрғақ ақыл айтқаннан гөрі, адамдық қадір-қасиет, айналаға қызмет, азаматтық міндет дегеннің не екенін өздерінің күнделікті іс-әрекетімен санамызға ұмытылмастай еге білген ата-анамызға бүгін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бүгін ойлап отырсам, не қиындықты да қажыр-қайратымен жеңе білген анамыздың өмір соқпағы тым бұралаң, қалтарысы қалың, тумай жатып көрген қиянаты жүрегіңді қан жылатардай. Бірақ анам соның бәрін ерік-жігермен жеңді. Ерік-жігер дегеніңіз де екінің біріне емес, естінің ғана маңдайына барып қонақтар ерекше мінез ғой. Осы тұста апамның сабырға батырып алған болмысына тәнті тұрамын. Ақылға кенен, мінезге бай, бекзат болмыстың иесі еді ол кісі.

Мен Алматыдағы зоо-ветеринарлық институтында оқып жүрген кезімде 4 – 5 курста Алматыдағы анамыздың бауыры Мырзақыз апаның қолында тұрдым. Ол кісі анамның немере ағасы Иманқұлдың қызы. Осы шаңырақта мен өмірлік серігім Самалды кездестірдім. Бұл бойжеткен біздің апамның ауылы Ояннан Алматыға келіп, жоғары оқу орнына құжат тапсырған екен. Соңғы емтиханнан өте алмай, жолы болмаған соң осы үйдегі апасының қолында қалып, ол кісі жұмыс істейтін Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Алматы тері комбинатына жұмысқа орналасыпты.

Әп-әдемі қыз маған ә дегеннен ұнады. Әрі апамның туысы болып келеді. Ішім жылыды. Бірте –бірте екеуміздің қарым-қатынасымыз романтикаға ұласты. Алматының әдемі кештерінде қол ұстасып бірге қыдырамыз. Осы арудың өтінішімен бұрын-соңды көрмеген-білмеген руханият ордаларына табаным тиді. Өмірлік жұбыңның сенің өміріңді тоқсан градусқа өзгерте алатынының бұл бір көрінісі, бір қарасам, Алатаудың бөктеріндегі кинотеатрларда жүрмін. Мұхтар Әуезов атындағы драматеатрында Шекспирдің «Асауға –тұсауын» тамашалап отырмын. Керемет қойылым екен. Үлкен әсер алдым. Осында кеп, қаншама өзіміз пір тұтып жүрген өнер тарландарын, көрермендер арасында танымал академиктерді жақыннан көрдім.

Біз екеуміз бір-бірімізге өмірлік серік болуға уәделесіп, тағдырымызды қосқалы бері де бүгін ойлап қарасам, қырық жылдан аса уақыт зымырап өте шығыпты.

Апам Жаңақорғанға біздің үйге жиірек келетін. Осы үйдегі келінін жанына жақын тұтатыны көрініп тұрады. Келіні ғана емес, Жаңақорған топырағындағы жалғыз төркіні болып саналатын Самал екеуінің әңгімесі бөлек. Қос мұңлық өскен жерін еске алып, бірге сырласып, бірге мұңдасатын шығар деп ойлаймын. Өзінің сіңлісі болғандықтан бүйрегі бұрып тұра ма, ізін қисық дегенін естімеппіз.

Бірақ жүректегі одан да терең, одан да тұңғиық сырды бізге өмірінің соңғы жылдарында ғана жұқалап айтқан екен қайран ана. Ол сырды алғаш ашқан адамы да - өзім болдым-ау. Бұл жөнінде кітаптың соңына қарай жан-жақты қанық бола түсесіз, құрметті оқырманым.

АНТҚА АДАЛДЫҚ

Гиппократ антына адалдық танытқан ақ желеңді абзал жанның медициналық біліммен қоса табиғат тарту еткен шипагерлік қабілеті ерек болғанын сол кез адамдарының аузынан жиі естідік.

Өзгені қоя тұралық, өз ұлы Ерғалидың естелігіне кезек берелік.

«1999 жылдар болу керек, Сәдірбай көкемнің қызы Клара апамыз үйге бір әйел кісіні ертіп келді. Алтын деген апай екен. Ылғи қыз туған екен. Алты қыздан соң жетінші көтергені тағы қыз бола ма, соны білгісі келіп апама келіпті. Сыртқа шығып кеттік. Апам оған ішіндегі төрт-бес айлық боп қалған шарананы ұл бала деп сендіріпті. Бірақ жүкті келіншектің ішіндегі қыз бала екен.

Кешке жұмыстан келген апамнан ана кісінің жағдайын біз де сұрап жатырмыз. «Ішіндегісі қыз екен, олай деп айтсам, алдырып тастамақ болып тұр ғой, алдап ұл деп жібердім. Жан біткен денені алып тастап менің де күнәлі болатын жайым жоқ. Бұл медицинада адам өлтіргенмен бірдей. Бірақ одан кейін босанса ол әйел ұл туады» деді бізден де жасырмай.

Шынында ол кісі қыз туды, келер жылы ұл бала тапты. Қызын да, ұлын да, аудан орталығындағы білдей екі мекемеде қызмет орындарында кездесіп қаламын ғой, сонда баяғы оқиға есіме түсіп, еріксіз езу тартамын. Қазірде ол жігіт Алтын апаны алып Алматы жаққа көшіп кетті. Қыз ауылда жүріп жатыр» дейді Ерекең.

***

ТАБИҒАТ СЫЙЫ

Болат Тұтқабекұлының естелігі

Ауылдағы орта мектепті бітірген соң әскер қатарына барып келіп, одан соң оқуға түсіп, арнайы білім алдым. Жолдамамен Келінтөбе ауылындағы мектепте ұстаздық еттім. Соның қабатында жергілікті жерде ДОСААФ-тың филиалын ашып, жастарды оқытып, право беру жұмысын да атқардым.

Аға буынның қадір-қасиеті ұрпағының бойына ұшқын-ұшқын болып қонып, сабақтаса жалғасатыны рас екен. Менің бойымда анамның шипагерлік шапағатының титімдей болса да дағуаты дарыған болу керек, аяқастынан мазасызданып, бір жері ауырып-сырқап қалған сәби алдыма келетіні арқа-басымды құрыстырып хабар береді. Тынышсызданып кетем. Шырқырап жылап келген сәбиге бір-ақ рет түкіремін. Жазылып кетеді.

Біздің әкеміз 1916 жылы, анамыз 1921 жылы туылған жандар. Көкем 1999 жылы өмірден өтті. Артынан анамыз да кетті.

Анам алпыстан асқанша жұмыс істеді. Құжат бойынша зейнетке шыққанымен елдегілер анамның алдын бермей, үйреніп қалған дағдыларымен бұл кісінің еміне кіріптар болып тұратын. Апам да 1985 жылға дейін жұмысын істей берді. Ауыл ауруханасына өзінің дәрігерлік жолын жалғаған ұлы - Нұрдәулеті бас дәрігер болып келген кезде барып, «қой, енді мен жұмысты қоямын» деп шешім қабылдады.

Дәрігер деген мамандық зейнетке шықпайды екен, ол кісіге әлі де тыныштық болмады. Ауыл адамдары әбден үйреніп қалған екен. Үйге келіп көрініп кететін. Анам қартайған шағында белі еңкіш тартып тіп-тік жүре де алмай қалды. Осындай күндердің бірі болатын, көршіміздің тұрмыстағы қызы таудағы үйінен толғатып трактормен келіпті. Анамызға ынды-ықыласы құлап, біздің үйге қарай жүгірген шешесіне «Қайтіп барамын, жүре алмаймын ғой» деп таусыла жағдайын жеткізді апам. Бір кезде әкесі келді. Апам тағы да жаңағы жауабын айтуға мәжбүр. Жағдайы келіп тұрса жүгіріп бармас па? Ниеті әбден-ақ құлаған екен, әлгі кісі «Арқалап апарайын, Бибіш» деп арқасын тосты. Амал жоқ, апам түн ішінде бүкшеңдеп жүріп жүкті ананы босандырып қайтты.

Мен совхозда қой қырқымға барып жүріп, бруцеллез ауруын жұқтырдым. Кәдімгідей жүре алмай сал болып қалдым. Апамның облыс ауруханасында бір білгір кәріс әріптесі болатын. Сол кісіні ауылға шақыртып, қолдан бір дәрі жасағанын білемін. Дәрінің құрамы қандай, қалай жасағанына көңіл бөлмеппін. Соны қолданғаннан кейін құлан-таза жазылып кеттім. «Енді алпыс бес жасқа дейін ауырмайсың» деді апам.

Лишманиоз деген маса шаққаннан болатын жазылуы қиын жарадан Ерғали көкемізді апам өзі жазып алды. Тағы да халықтық емшілікпен. Өзі қолдан дәрі жасап, соны жақты.

Анамыздың төл кәсібін бөгетсіз атқаруына біздің де қолқабысымыз тиіп жататын. Бала қиялымызда сол күндердің үзік-үзік көріністері де қалып қойған. Кейде апам түнемелікке ауруға баратындай болса, бір өзі жүруге қорқып, жанына бір баласын ертіп алады ғой. Сондайда көбінесе жанына еріп шығатын елгезек көмекшісі мен болдым.

Бір күні қар борап тұрған күні ауылдың шетіндегі үйді бетке алдық. Аяққы ауыл еді. Апам мені есекке мінгізіп, өзі жаяулатып келеді. Қар борап тұр. Үйге кірдік. Электр жарығы жоқ. Әлсіз шам жанып тұр, жаны қиналып жатқан әйелдің қасында медсестра Гүлбану бар екен. Апам кіргеннен даусын қатайтып, ұрсып кірді. «Әй, күйеуіңнің қасына жатқанды білесің де, туғанды неғып білмейсің? Бол, тез!» деп зекірді. Тіпті қолындағы ұстап кірген таяғымен жастығынан бір салып өтті. «Әйелдер апамнан қорыққанынан да жылдам туады» деген рас па, аз өтпей, шарана даусы шыр ете қалды. Сөйтсек, апамның мұндай да тәсілі бар екен, тырысып-жиырылып қиналған тұмсаға психологиялық қысыммен ұмтылыс туғызуды ойласа керек. Пернебайдың әйелі Маликені осылай босандырып алып еді апам.

Анамның өзі жаңа ғана жас босанып жатса да айы, күні өзімен бірдей келіп, көмегіне жүгінген жандарды жағдай айтып кері қайтармай есен-аман босандырып, аяқ-қолын бауырына алуына жәрдем беруі не деген жанашырлық десеңші. Мәселен, жарық дүние жүзін енді көрген мені қолына ұстап, емізіп үлгермей, толғатып келген екінші ананың сәбиінің «кіндік шешесі» болыпты. Келінтөбедегі Әлімбай есімді құрдасымыз екеуміз осылайша бір күнде дүние есігін ашыппыз. Бұл кез «Ынтымақта» тұрып жатқан, үш бөлмелі үйіміздің бір қанатында осы жанұя уақытша қоныстанған кезі екен.

Мен негізі анама жүдә жақын болдым. Аудан орталығына шықса да жанына еріп аламын. Ауылдан екі мезгіл автобус шығады. Апам алдымен кеңшардың орталығы Бірлікке соғып отчет тапсырады. Одан әрі Жаңақорғанға барып дәрі алып келуі тиіс. Бірлікке келген жерінде мен Нестайдың қолына түсемін. Ол апамның жанында аяққа оратылып жүрген мені зорлықпен қасына алып қалады. Кешке автобус Бірлікке кіріп барып , ауылға өтеді, сол кезде анама қайта ілестіріп жібереді. Үйленіп, үйлі-жайлы болып, Назым есімді елдің қызын қолыма қондырдым. Апам жиі үйімізге келіп, аялдап жатып, немерелер қылығын қызықтап отырумен демалатындай болатын. Бірақ көбіне шалының жайымен қарашаңырағына асығатын да тұратын.

САМАЛДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

АПАМНЫҢ ТӨРКІНІ ДЕ, КЕЛІНІ ДЕ ЕДІМ

Мен Талдықорған облысы, Қаратал ауданында Үштөбенің Оян деген ауылында тудым. Менің енем Бибіштің анасы Жұмабаланың жалайырдың Құрманбай деген азаматына тұрмысқа шығып, содан туған қыз Тәшен апамыздың барған жері теміржолшылар отбасы еді, мен сол үйдің қызы Гүлнармен бір сыныпта оқыдым. Екеуміз алдымен өзіміз тұратын 48-ші разьезде бастауыш мектепте, одан әрі «Жаңаталаптағы» орта мектепте білім алдық. Онжылдықты бітірген соң Алматыға оқуға аттандық.

Жұмабала апамыздың немере ағасы Иманқұлдың қызы Мырзақыз апа бізге де жақын болып келеді. Ол кісі сол кездері Алматы тері өңдеу комбинатында эксперт бөлімінің меңгерушісі екен. Оқуға түсе алмай, сыныптасым екеуміз осы кісінің қарамағына комбинатқа жұмысқа кірдік әрі үйінде жататын болдық. Болашақ жарым Ерекеңмен осы жерде таныстым. Жаңақорғандық жігіт төртінші, бесінші курста Мырзақыз апасының үйінде жатып оқыды. Екеуміз екі жылдай дос болып, Ерғали оқуды бітірген соң онымен қол ұстасып Сыр еліне, Қосүйеңкіге бірге еріп келдім.

Менің жігітпен ере-мере бұл келісіме бәрінен бұрын апам қарсы шықты. Менің жаныма кеп оңаша отырып жай-жағдайды түсіндіре бастады. «Мен ғой бұл топыраққа соғыстың кезінде келдім. Бетіміз майдан даласы болатын. Мамандығым – фельдшер-акушер еді. «Соғыста күнде әйел бала туып жатқан жоқ, акушерлер тылда көбірек қажет» деп бес-алтауымызды осындай иен даладағы бекеттерге тастап-тастап кетті. Жанымдағы орыс қызы Ақтөбеде қалды. Мен сол кеткеннен еліме он жеті жыл дегенде әрең бардым. Саған да қиын болады ертең. Бұл жақта күнде Алматыға көлік жүріп жатқан жоқ. Бір қалсаң қайтып еліңді көруің қиын. Сен бұл жаққа үйрене алмайсың. Ауылыңдағыдай көк шалғын табиғат жоқ, қу медиен дала. Ертең жалғызсырап жылайсың. Еліңе қайт. Әлі де кеш емес» деді. Бұл кісі бетің бар, жүзің бар демей, айтса турасын айтып салатын қатал кісі екені бірден көрініп тұр. Тіпті төтесінен тартып «аман-сау барсың ба өзің, егер аман болсаң, бүлінбегенің рас болса, еш ойланба, алды-артыңа қарамай, шығып жүре бер, айналайын. Жолың ашық» деді. Қыздары анасына «Апа, мұныңыз не, біз қуанып тойға дайындалып жатырмыз. Қайта қуанбайсыз ба? Балаңыздың бір басы екеу болады» деп шырылдап тұр. Ерғали екеуміздің нақты шешіміміз осы болып тұрған соң мен де алған беттен таймауға тырыстым. «Жоқ, апа, қалам» дедім. «Ендеше ертең әкең келгенде жауабыңды өзің айт» деп апам жауабын бір-ақ кесті. Осы үйдің бар тірлігін бір өзі жайпап, тойға дайындалып жүрген Нестай апаның «Келген қызды неге кет дейсің? Өзіңнің сіңлің. Әрі бізге де ұнап тұр» деген сөзі көңіліне сүйеу болғандай, апам Ерғали екеуміздің бас қосуымызға разылығын берді.

Енем өте жақсы кісі еді. Менің осы ауыл тірлігіне бейімделіп, бір үйдің шаруасын алып кетуімде апамның қамқорлығы ересен. Алғашында нан жабуды да білмеймін. Өзім үзіліп кетердей арық, әлжуазбын. Бірақ апа соншама жұмысынан уақыт тауып, мені үй тіршілігіне баулуға барын салды. Нан илеуді үйрен деп табаққа ұнды сап беріп, өзі су құйып тұрады. Осылайша нан ашытып үйрендім. Сиыр саууды да білмеймін. Бірақ үйден сиыр сауатын адам құсап, білегіме шелекті қыстырып шығамын. Апам сиырды қораға кіргізіп, күрпілдетіп сауып алады да менің қолыма ұстатып, үйге апарып пісіре бер» дейді. Өзім сауғандай басымды көтеріп шығамын. Намысқа тырысып, сиырдың емшегіне жабысқым ақ келеді. Бірақ өлердей қорқып тұрамын. Мал да қорыққанды біледі екен, көзі аларып жолатпайды. Сөйте-сөйте бой үйретіп сиыр саууды да үйрендім.

Үйдегі қайнағамыз да үйленді, абысыным Қостанайдың қызы. Ол менен өткен, апам оны да ауыл тірлігіне бейімдеп бақты.

Кейін бізді бөлек шығаратын болды. Жаңақорғанның орталығында Індемес деген ағайдың үйінде пәтерде тұрдық. Осы кезде апам мені орталықтағы №163 орта мектебіне лаборант етіп жұмысқа қойды. «Әйелдің жұмыс істегені дұрыс. Бір уақ далаға шығасың. Ананы-мынаны көресің, көңіл көкжиегің кеңиді, ортаң, ұжымың болады» деген кеңесін айтып жатыр апам. Осында еңбек етіп, одан әрі аудандық аурухананың инфекция бөлімінде жұмыс істеп, ақ халат кидім. Осының барлығы апамның қамқорлығының арқасы дер едім.

Үлкен қызымның кіндік шешесі апамның өзі болды.

1983 жылдың үшінші желтоқсаны. Ішім бүріп ауыра бастаған соң сағат үштегі Қосүйеңкінің автобусына отырып ауылға тарттым. Қар борап тұр. Біз мінген автобусымыз омбы қардан әрең жылжып келеді. Қасымда Ерғали мен мединститутты бітірген қайным Нұрдәулет бар. Оларға толғатып келе жатқанымды айтуға да батпадым. Автобус ішінде кәдімгідей толғағым жиілеп жан ұшында келем. Әйтеуір, әупәірімдеп, көлігіміз ауыл ішіне кірді. Аялдамадан түскен соң үйге қарай тағы біраз жер. «Тезірек жүріп бізге шай қойып қоя бер» дейді қайным. Үйге жетіп, ауызғы бөлмеге кіргенім сол, алдымен көрінген Балқия әпкемнен «Апам қайда?» деп сұрадым. Апам қора жақта жүр екен, тез шақырып келіңіз дедім. Ол түрімнен қорқып кеткен болу керек, босағаға сүйеніп бозарып тұрған түріме қарап, түсінді ме, аяғымдағы етіктің замогын сыр еткізіп өзі шешіп берді. Үстімдегі пальтомды шештім де анадайға лақтырып жібердім. Апам да кірді ішке, түрімнен де көрді-ау, толғақ бастала ауылға асыққанымды өзім де айттым. «Әй, толғатып тұрсаң, бері қарай емес, ары қарай жүрмедің ба? Роддомға жетіп алмайсың ба? Тым болмаса Бірліктен түсіп қалмадың ба? – деп шыж-быж болды апам. Иә, апам дұрыс айтады, тұңғышымды Бірлікте перзентханада босанғам, апам босанардан бір апта бұрын Бірліктегі Нестай әпкемнің үйіне әдейіліп жіберіп, сол жақта жүріп перзентханаға бара қойғам. Сол ойыма келді. «Бірлікке барамын ба, онда?» дедім жыламсырап тұрып. «Мә, барасың» - деді апам. Кеш батып үй қаракөлеңкеленіп кеткен, апам апыл-ғұпыл шамды жағып, тұрған бойымда көрпешені лақтырып үлгерді, шыр етіп сәби келді дүниеге. Қыз бала екен. Апам қызды өте жақсы көретін. Шарананың кіндігін кесіп, жұмысын бірыңғайлап болған соң «уһ» деп, бұршақтаған маңдай терін сүртіп, демін алған апам маған бажайлап қарап «Адамның жүрегін жардың ғой, қыз туып жаның қалды, әйтпегенде әбден-ақ ұрсатын адам боп тұрсың. Толғатып тұрып та адам автобусқа міне ма? Жолда бұзылып қалса не болады? Ал, үйге келдің. Мен жұмыста болып жоқ болсам қайтесің? Мұнда көлік те жоқ, сені аудан орталығына кім апарар еді?» деп әбден ұрсып алды. Дегенмен, бейнет қып жеткен еңбегім, апам жарықтық қырық күн төсектен тұрғызбай бақты. Тіпті бөбектің жаялығын жудырмады, әпкемді басыма қойды. Өзі жұмыста жүргенмен, қадағалап, қазанға жолатпады. Мен сол қырық күннің ішінде толып кеткенім сондай, көйлектерім сыймай, апамның көйлегін кидім. Бірде сырттан келген бір апа мені апам екен деп шатастырып қызық болған жағдайымыз бар.

Біздің апам осындай жан еді. Не айтса да бетіңе айтады. Кемшілігіңді көрсе, шыдап тұра алмайды, тұрған жеріңде айтып салады. Бірақ қайтымы тез, кек сақтамайды. Ойындағысын ірікпей айтып салады да кейін жадырап жақсы қарым-қатынасын жалғастырып кете береді.

Балқия әпшені біздің қолымызға жіберіп, отбасымызға етене жақын болуына жағдай тудырды. Жалғызілікті тағдыр нәсіп болған көңілі қаяу әпкемізге біз де барынша қамқор болуға тырыстық. Ол кісі менің балаларымның барлығын көзінен таса қылмай, өзі бағып-қағып өсірді. Апам өмірден өтерде де осы кісінің жайын уайымдап, маған аманат етіп тастап кетті. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген бар емес пе, бала-шағамызбен осы кісінің көңілінен шығуды ойлап тұрамыз.

Отбасымызда перзенттерімнің ішінде тұңғышымыз Ғани әжесінің жолын жалғады. Қолы жеңіл шипагер. Түркістан медициналық колледжін бітірді. Таразда он бес жыл фельдшер болып істеді. Сырқаттар оның тамырға тез түсетінін, қолы жеңілдігін айтып мақтап жатады. Оны да апамнан ауысқан қасиеттің бір ұшқынындай көреміз. Келіншегі Ғазиза педиатр. Қазірде Түркістанда тұрып жатыр. Қызымыз Рауан қытай, ағылшын тілінің маманы. Аудан орталығындағы №163 орта мектепте сабақ береді. Одан кейінгі қызымыз Айсұлу облыстық ішкі істер департаментінде әйелдерге қарсы қорлық-зомбылық бөлімінің басшысы, майор, күйеуі Дәулет кәсіпкер.

Сәби Алматы әскери институтын бітірген, әскери салада қызмет атқарады. Келіншегі Жансұлу ЖенПиді бітірген, ұстаз. Әли қаржы-экономика мамандығын бітірген. Қазірде жеке мектеп ашып, соның жұмысын басқарады. Келіншегі Салтанат екеуінің үш ұлдары бар.

Сейтхан Исабайұлы

АУЫЛ АНАСЫ АТАНҒАН

Бибіш өмірден озды деген хабар келгенде ағайын-туыс, құда-жегжаттары, сыйлас таныстары жаназасына аяқ жеткен жерден түгел жиналды. Оны білетін ел ақсақалдары «Біздің Бибіш ауыл анасы еді ғой, иманы жолдас болсын» деп көңіл айтып жатты.

Жиналған көпті көріп тау халықтарының қатаңдау айтылған «Қандай адам екеніңді табытыңның басында көрермін» дейтін сөзі есіме түсті. Жақсылығын көпке мойындатқан екен-ау деген ой келді. Ол кісі әрдайым айтып отырушы еді, «Менің жасымда тағдыр еркелеткен жоқ. Бірақ жақсы жандарды көп кезіктірдім.,жарықтықтар тек жақсылық жасаудан өзгені білмейтіндей еді. Солардан алған тәрбием бе, мамандығымның кісіге жақсылық жасауға бейімдігінен бе, мен де қабілетім жеткенше адал қызмет етуге тырыстым. Өзімнің көрген жақсылықтарым ауруынан айығуына септігі тиген адамдардың ақ тілеуінен шығар деп ойлаймын, - дейтін.

Бибіш Смағұлованың Жаңақорған топырағына келуінің өзі бір тағдыр. Медучилишені бітірген бойы соғысқа аттанған жауынгерлер құрамында арнайы тапсырмамен пойыздан түсіріліп алынған. Елде балалар арасында қызылша ауруы етек алып, өлім көбейіп тұрған шақ.

Бибіш ауданның тау беткейі»Ынтымақ», «Талдысу» колхозына жіберілген екен.

«Мен бірден балалаларды қызылшаға қарсы егіп, ауруларды емдеген болдым. Аштыққа әлсіреген көкөрім ауру араласқан соң не оңсын, салған дәріңді көтере алмай көбі одан сайын әлсіреп жатты. Сол жылы қызылша өте ауыр өтті. Балалар көп шетінеді. Бала өліміне қабырғасы қайысқан ауыл ағасы Сердалы деген кісінің «А. Құдай, әділдігің қайсы, кәріні алмай, жасты алдың, жесірдің жетімін алдың. Менің балаларымның бірін алмадың. Елге не деп көңіл айтамын?» деп күңіренгенін естідік. Ол қазақтың кесек денелі, еркін мінезді, дуалы ауыз, сөз ұстаған кісісі еді. Кейіннен жарықтықтың еңбегі еленіп, Еңбек Ері атанды» деп еске алатын Бибіш апа ауыл жақсыларын.

«Сол кездегі «Талдысу» колхозының бастығы Үсен Сопиев, «Ынтымақ» колхозының бастығы Үсенбаев Исабай мені өз қызындай құрметтеді, қолдарынан келген жәрдемін аяған жоқ. Кеңселеріндегі екі үстелдің бірін құрал-жабдық қоюға маған берді. Қызметке мінуіме жүрісті жуас ат берді. Оған «Бибіш күрең» деп ат қойды ауылдағылар. Ауыр жұмыста, ұзақ жолда маған сенімді серік еді» дейді Бибіш сол күндерді еске алып.

Бибіш апа сол замандағы ауыр еңбектен, ауылдас еңбектестерінің адамгершілік қасиеттерінен тәрбие алды. Өмірлік серігі Тұтқабек екеуі жеті ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Немере-шөбере көрді. Аузынан шүкіршілігі түспейтін қанағатшыл кісілер еді екеуі де.

«Қазіргілердің жағдай ауыр дегені еркелік, өз малыңа, жеріңе, еңбегіңе өзің еге мына заманда тек жалқаулар ғана қиналуы мүмкін. Ауыл шаруашылығының салығын, оған қоса заем төлеп, айлықсыз-пұлсыз таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек еткен біздің замандастарымыз бір-біріне мейірімді еді. Қолдан келген қайырымын ешкімге сатпайтын.Қатыгездік еңбексіз табыс табу ниетіндегілердің әкелген ылаңы ғой» деп отыратын Бибіш апа.

Бірде ауруханада нәрестелі болған ананың акушерканың ұйықтап қалып уақтылы ем жасамауынан қансырап ауыр жағдайға душар болғанын естігенде «Өмірге келген әрбір баланың «кіндік шешенің» бір күндік ұйқысын алатын қуанышы болады. Бала қабылдап жүріп ұйықтаған акушер акушер емес, олар аналар үшін аса қауіпті, әшейін айлық алып жүргендер» - дегені естен кетпейді.

Ол кісі ойын тік айтатын. Жалтаруды, көлгірсуді жақтырмайтын. Ұрпақ үшін қайта үйленген бір ағайынның үйінде жас келіннің қолынан шай ішіп отырып: «Сен перзент аңсаған адамға тұрмысқа шығып отырсың., оған сенің сұлулығыңнан гөрі бала керек. Сондықтан сен тууың керек және көп тууың керек» деп айтқан сөзін тілек ретінде де, бата деп те, өсиет деп те қабылдайтындай етіп айтқан еді. Өз қызметін жетік меңгерген, адал атқарған, өмір бойы бір елді мекенде қызмет жасап зейнетке шыққан, көптің кіндік шешесі болып «ауыл анасы» атанған Бибіштің дәрігерлер арасындағы орны , беделі ерекше, халықтың оған деген сенімі зор еді. Білімі мен пайымы кімді болсын мойындатарлық. Ол кісі жасы ұлғайғанына қарамай ғылыми, әдеби кітаптарды көп оқитын. Толғағы қиын келген аналар Бибіш келгенде аман қалатынына сеніп құдіреттен күш келгендей ілгеріге ұмтылып, жарық өмірге ұмтылғанда қосымша күш дарығандай, артынша шыр еткен нәресте дауысы шығатыны жөнінде тамсана айтатындар көп.

Меделхан Исабаевтың естелігі

ЕЛ АНАСЫ

Елуінші жылдары Қаратаудың қойнауында жатқан «Ынтымақ» елдімекенінде дүниеге келген екенмін. 1954 жылы Қосүйеңкіге көшіп келгеннен соң осындағы мектепте білім алдық. Есім кіргенде анам айтып отыратын «Сенің кіндік шешең – Бибіш» деген сөзі жүректе орныққан. Сол кезден бастап өзім де осы кісіні анамдай көрдім. Ол туралы менің ағам Сейтхан Исабайұлы «Атадан қалған іздер бар» деген кітабында «Ауыл анасы атанған» деген тақырыпта толғанысты очеркін жазды. Шынында да, Бибіш апа ауыл балаларын түгел өз баласындай көрді. Өзінің мамандығы – фельдшер, бірақ қарым-қабілеті жағынан жоғары білімді маманыңнан артық еді. Мұны табиғаттың өзі тарту еткен тұма дарыны десек болар.

Ауылда аяқ-қолы сырқырағандар, басы ауырып, балтыры сыздағандар Бибіш апаның алдына барып жазылып кетіп жататын. Бұл кісі медициналық дәрі-дәрмекпен ғана емес, шөптер қайнатып ішкізетін. Жараға жағатын майды қолдан жасап беріп емдейтін.

1965 жылдар. Мектеп оқушысымын. Аяғыма бірнеше жерге жара шықты. Ауданға орталық емханаға барып дәрігерге көрініп ем, жараға жағатын май жазып берді. Онысын аптекке соғып алып, онымен қоса бірнеше қорап витаминді қабылдауым керек болды.

Автобусқа отырып, ауылға жеткен соң аялдамаға жақын жердегі апамның үйіне барып сәлем бердім. Қолымдағыны көріп «мұны ішуге болмайды, неге алдың?» деді. Маған кеңес берген дәрігерді бір сыбап алды да, жараға жағатын мазьды өзінің қолымен дайындап берді.

Мектепті бітірген соң Алматыға кеп оқуға түстім. Шымкент облысына жолдамамен кеп қызмет атқардым. Жасым 76-ға келсе де кіндік шешемді ұмытпаймын. Жатқан жері жарық болсын деп тілеймін.

МАҢДАЙҒА ҚОНҒАН БАҚ АПА

Қосүйеңкі ауылының тұрғыны Әбутәліп Мамашұлының естелігі

Бірде атам ауырып қалып Бибіш апаны шақырып кел деп жұмсады. Мен Бибіш апаның үйіне жылдам барып, атамның ауырып қалғанын, өзін шықыртып жатқанын жеткіздім. Бибіш апа ести сала менімен ер-мере үйге келді. Есіктен кіре бере «Қайда әлгі айдалада кетіп бара жатқан ауруды шақырып алып жатқан атаң» деп даусын көтере кіргені сол, атам да кәдімгідей қалбаңдап, «әй, осының даусының өзінен қорқып кетем әй» деп жатқан орнынан басын көтерді. Атамның бүйтетінінің сыры бар, укол дегеннен жаман қорқатын. Темір қобдишасын ашып отқа қойып, сырқаттың тамырын ұстайтын дәрігер апаның салмақты мысының өзі күш бергендей, реңі кіріп, әл-қуатына мініп, жазылып кеткендей болды атам.

Отбасымызда он бала өсіп-өндік. Ол кезде ауыл әйелдері перзентханаға барып босану деген жоқ, үйде босанады, басы-қасында Бибіш апа өзі болады, сондықтан ол кісіні ауылдағы қарадомалақтардың бәрінің «кіндік анасы» десек те болады.

Мен орта мектептен соң арнайы мамандық алып, қайтадан туған жеріме келдім. Он бес жылдай ауылды басқардым. Ферма меңгерушілігі қызметінде жүрген кезімде Бибіш апа ауыл медпунктінде фельшер, аудан орталығына жиналысқа бірге баратын болдық. Апаммен қызметтік көлігім – ГАЗ – 53 көлігінің кабинасына бірге жайғастық. Есіктің темір тұтқасынан ұстай бергенім сол, апам қолымды қағып жіберді. «Жалаң қолмен мұздай темірді ұстаушы болма. Білсеңдер, бүкіл кеселдің басы суықтан болады» деді. Апамның бұл кеңесі ұмытпайтын ұстанымыма айналды. Дәрігердің жанында жүрсең білерің де, түйерің де көп болады екен.

Апама ауылдағылардың бәрі риза еді. Кім шақырса да бара алмаймын деген сөзді айтқан емес. Кім келсе де, қандай көлікпен келсе де таңдамайды, алдына түсіп кете беретін. Өте еңбекқор, білгір сауатты адам еді. Қатал мінезі де, адуынды сөйлейтіні де өзінің осы туралығын толықтырып тұратын.

Сол себепті ол кісіні ауыл халқы түгел жақсы көрді. Кенеттен кесел жамап көңілі түскен қайсыбірі Бибіш апа келсе жанын алып қалардай көретін. Ол кісіні акушер – фельдшер деп қараған жоқ, ауылдың дәрігері ретінде сенім артты. Міне, сондықтан да мен Бибіш апаны ауылдың маңдайына біткен бақ деп санаймын. Өзі де, қолы да алтын адам еді. Гиппократ антына адал болды. Одан бері ондай жанды кездестірген емеспін.

Қазір шалы екеуі де ауыл ортасындағы мәңгілік мекенінде жатыр. Жайлары жәннатта болсын, барлық тірлігінде арттырған Ізгі амалдары өздеріне серік болсын. Ол кісінің еңбегін, қадір-қасиетін көзін көргендер ешуақытта ұмытпайды.

Әбутәліп қажы Бакиров, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.

МАНАП АҚЫННЫҢ БАТАСЫ

Қосүйеңкінің тумасы, ақын Қайнар Құлтасовтың естелігі

Біздің әкеміздің есімі ел-жұртқа ауданымыздың маңдайалды шопаны ретінде танымал. Әкем Ақмырза Құлтасовтың сөз өнеріне де жақындығы бар. Аудандық «Коммунизм жолы» газетіне өлеңдері шығып жүрді. Өзі өнерге жақын болған соң шығармашылықтың адамдарымен жақын араласты. Үйге келген қаламгерлерді, өнер адамдарын құрметтеп күтетін. Біздің отбасымызға Манап, Адырбек, Есіркеп ағалар жиі келетін, олар қашан келсе де әкем бір қойын сойып, қонақ етіп жіберетін.

Бұл кезде Манап аға аудандық Мәдениет бөлімінің «Қызыл отау» меңгерушісі. Сонымен қатар «Қайнар» комсомолдар бригадасын құрып, жетекшілік жасап жүрген кезі.

1975 жылдың 22 наурызында «Жиенбай» деген жерде үй тігіп отырған шопан отбасында анам Құттықыз толғатады. Әкеміз жеделдетіп шаруашылықтың орталығына жетіп, ауылдың фельдшері Бибіш апаны алып келеді. Осы күні, яғни наурыздың 22-сі күн - мен дүние есігін ашқан күні біздің үйге Манап ақынның да жолы түскен екен. Бибіш апа шарананы босандырып алып, жаялыққа орап, жайлау төріне келіп қонақтаған Манап ақынның алдына алып барады. Мақсаты – Манаптың батасын алу. «Ал, Мәке, аяғыңыз жеңіл болып, осы үйдің анасы ұл туды. Есімін өзіңіз қойыңыз. Дуалы ауызды кісісіз ғой, сәбидің аузына түкіріп, батаңызды беріңіз» дейді. Сонда Мәкең «жаңа туған нәрестенің өмір жасы ұзақ болсын, елге белгілі азамат болсын, суырып салма ақын болсын» деп батасын беріп , аузыма түкірген екен. Есімімді де өзі жетекшілік ететін жастар бригадасының атауына ұқсатып «Қайнар» деп қойыпты.

Кіндік анам - Бибіш апаның өзі тудырып алған баласын Манап ағаға ұқсаса екен деген ырымы қырын кетпеген тәрізді. Жасымнан қара сөзге құлағым түрік болды. Мектепте де қатардағы оқушылардай емес, арқам қозып, бір орында байыздап отыру жоқ, бұзықтау да болғаным шығар, бірде ауылдағы мектепте, бірде орталықтағы мектеп интернатында, бірде 26-ның мектебінде, бірде Қыраш ауылындағы мектепте оқып, онжылдықты тәмамдадым. Онда да ел ішінде қадірім жоқ емес, олай болатыны, ауылға келін түссе, беташарға ақын іздеп сабылмай, 7-8 сыныптардан бастап-ақ маған қолқа салатын болды. Ауыл адамдарының мінез қыры, сыры мен шыны өзіме бес саусақтай белгілі, домбыраны сабалап тұрып, жаңа түскен келінге келген елін, жерін, қайын-қайнаға, абысын-ажынына дейін түгелдеп таныстырып бере аламын. Жұрт «бәрекелделеп» қол соғып, арқаландырып тұрады, солардың қолпашынан мен де жігерлене түсемін. Осындай өнеріммен тентектігім білінбей, көпшілік маған кешіріммен, кеңдікпен қарайтынын сезіп, еркелігім тасып тұратын. Әкемнен ауысқан қасиет, әрі десе Манаптың батасын алған баламын ғой. Әшейінде құйрық басып отыруды білмейтін мен үйге үлкен кісілер келсе, жандарынан айналшықтап шыға алмай қаламын. Сағаттап болсын тапжылмай отырып, әңігімелерін тыңдауға, миыма тоқып алуға бармын. Әсіресе, үйімізге Манап ақын соқса, міндетті түрде мені іздейді, міндетті түрде маған сыйлық әкеледі. Сосын Манап ақынның оң жағына жайғасып, аузынан шыққанды жаттап алып, түп-түгел судыратып жатқа айтып бере алатын едім. Бұл құймақұлақтық қасиет те маған тұп-тура Манап ақыннан жұққан екен. Әкем де өнерден қаражаяу жан емес деп айттым ғой. Ол кісінің өнер десе ішкен асын жерге қоятын аңқылдақ қасиеті оңашада өмір кешкен қоңыр отауымыздың қарапайым тыныс-тіршілігін киелі көрініске көмкеріп, көңіл көкжиегіміз кемелденіп өсуімізге жағдай тудырды. Жасымнан сөз өнерін ұлық тұтып, құнарына қанып өскендігімнің нәтижесі болар, оқушы күнімнен-ақ байқауларға қатысып, бағымды сынауға мүмкіндік алдым. .Алғашында №3 мектеп интернаты атынан аудандық мүшайраға қатысып, 1 – орынды иеленсем, одан кейінгі жылдары Қыраш ауылындағы мектепте оқып жүрген кезімде аудан атынан облыстық мүшайраға қатысып, тағы да 1 – орынды жеңіп алдым. Осы жетістіктерімді малданатын болсам керек, ұстаздарыма да еркін болдым.

Менің әкемнің де суырып салма ақындығы бар. Оның ел аузында өзі сүйген қызына қолы жете алмай қалғанда шығарған өлеңі жүретін еді. Ұмытпасам ол былай өрілетін еді:

Бет алдым суыт Байтасқа,

Астымда жүйрік Ай қасқа.

Махаббатың қас жауы,

Раман шықты айқасқа» дегенде Роман дегені ғашық болған қызының інісі туралы айтқаны-ау.

Мектепті бітірген соң азаматтық борышымды өтемекке әскер қатарына аттандым. Одан соң ауылда жұмыс істеп жүрдім. Бірде жігіттермен Ақжол ауылына бір тойға барғанмын. Тойды Әсіл ағамыз басқарып тұр екен. Бұл кісі дарияның ар жағындағы ауылдардың барлығының тойы мен бешірін бір өзі өткізіп беріп жүрген танымал асаба ғой. Далада палатка құрылып өтіп жатқан жастар тойында сәл қызып, аяғы тайып, қолындағы микрофонымен қоса шалқасынан түсіп құласа да айтып жатқан әнін тоқтатпағанына риза болдым. Алла Пугачеваңның өзі де кейде сахнада жанын суырып алардай әдейілеп-ақ шалқалап құлап тұрып шырқатады ғой, сөйтіп түсінсе керек, үй иесі апамыз: «ойбу, құлайтын да жері болады екен ғой, жаңа киіз төсеңдер деп айттым сендерге» деп келіндеріне шыж-быж боп ұрсып жүр. Әсіл ағамыз сыр бермеді, қолындағы микрофонын маған лақтырып жіберді де «Ары қарай тойды жүргіз» деді. Ол кісі менің өнерге жақындығым барын алдында сөз сөйлеуге топпен шыққан бетімізде аңғарып қалған болу керек. Асабамыз демалып бірер сағаттан соң қызметіне қайта оралып еді, отырғандар: «Әсеке, ұйықтай бер, мына бала тәп-тәуір қыздырып жатыр» деп жатыр жамырап. Әсіл ағам да тапқыр ғой, «Мен ғой, шамама қарамай ән салған бүкір. Менен асқан жан тапқаныңа шүкір» деп жұртты ду күлдірген. Менің алғаш бетімді ашып, той жүргізуге арна салып берген осы Әсіл ағам деп айта аламын. Сосынғы ұстазым – Қазбек марқұм еді. Ол үнемі мені өзінің жанына ертіп жүріп баулыды. Кейбір бара алмай қалған жерлеріне мені жұмсайтын. Сөйтіп жүріп тәп-тәуір ысылдым.

Тоқсан бесінші жылдары, жаңа үйленген кезім еді. «Келешегі үлкен, киелі жер ғой, балаларым, Түркістан жағына барып тұрыңдар» деген әкемнің кеңесімен жарымды жетектеп Түркістан шаҺарына тарттым. Бұл жаққа келген соң да бойдағы өнерімді шыңдап, осы жолға біржолата ат байлағым келді. Ептеп елмен етене араласып, қызықшылық жиын-тойларын жүргізе бастадым. Түркістан халқына бұрыннан танымал асабасы Арыстан деген азамат, өзі ауған соғысының ардегері, үнемі той-жиынды әзіл-қаожыңмен басқарып жүретінін байқайтынмын. Менің тәсілім өзгерек еді, оны бұл жігітіміз де байқапты. «Сенің басқаруың салмақтырақ, салиқалы ой, мақал-мәтел, нақыл сөздер қоса өріліп жатады. Тойда оның да өз ортасы бар, бұл керемет тәсіл» деп маған жақсы бағасын берді. Кісінің тал бойындағы өнері болмыстан тыс болмайды, иесінің табиғатына тартып тұрады. Асабалық қызметімде ақындық өнерімді салып, қазақтың бай тіл, шешендік сөздерімен тұздықтап, келген қонақтарға тапқыр теңеу, қошемет баға беруге көбірек ден қойдым. Бұл адамдардың мерейін өсіреді, бір сәт дем алып, көңілі өсіп, жаны жадырайды. Содан ба, өнерімді бағалап, мені таңдайтындар көбейді. Түркістанның тойларына жаңа мазмұн, жаңа стиль әкелдің деп мақтады жұртшылық. Асаба Арыстан да елге мені дәріптеп, біздің тойымыз 90 пайыз жаңа бағытқа өзгерді дегенді айтып жүрді. Мен де ізімнен ерген шәкірттерге бойымдағыны дарытуға тырыстым. Көрші Кентау, Шымкент қалаларына, Шиеліге, Жаңақорғанға жиі шақырту аламын. Тойға келген қонақтармен танысып-білісіп, көңіліне ұнауға қарай шалғайдағы қалаларға да шақырту алатын жағдайларым көп. Күні кешелері Өскеменде, оның алдында Құлсарыда болып қайттым. Бұл бір жағынан күнкөрістің де көзі,. Әйтсе де той бизнесте продюсерлік орталықтармен жұмыс жасауды қолай көрмеймін. Өйткені олар ортада отырып, 50 пайыз табысты өздері олжалау мақсатында асабаның құнын тым қымбаттатып жібереді. Бұл той иесіне де көп ауырлық түсіреді. Сондықтан той иелерінің өздерімен тікелей байланысқанды тәуір көремін. Еңбек ақымызды да шама-шарқы, жағдайына қарай белгілеп, тіпті тегін де өткізіп беретін кезім бар. Өйткені бұл өнерді маған Құдай берді, арасында қайырымдылық қадамдарды парызым деп санаймын.

Асабалық – жеке дара кәсібім болғанымен қоғам өмірінен тыс қалып жүрмін деп әсте айта алмаймын. Той – да тәрбие орны. Ол жерде де қызықшылықты бөлісіп, жұртты көңілдендіріп, күлдіре отырып, күрделі тақырыптарға баруға болады. Халықтың арасындағы осындай қызметімді құзырлы орындар да бағаламай жатқан жоқ. Жақында ғана Түркістан облыстық мәдениет департаменті биылғы жыл қорытындысымен маған «Үздік асаба» аталымын беруі, одан бұрын «Ерен еңбек иесі», «Мәдениет майталманы» атағын алуым мен үшін зор мәртебе.

Отбасымда жарым Гүлнар екеуміздің тәрбиелеп жетілдірген перзенттеріміз жоғары білімді мамандар. Құттықыз анамыз ертерек көз жұмды. Әкеміз жас қалған балаларын ешкімге жаутаңдатпаймын деп үйленбей жүріпті. Осы Адекең, Зинабдин ағаларымыз ағайын ішін қарап жүріп, 24 партсьезде бір қыз бар, өзіңе лайықты, өте жақсы қыз деп мақтауын асырған соң ғана келісімін берген екен. Шынында да бұл кісі ғажайып жан болып кездесті. Ауылдағылар анамызды «Бибіпатима» атандырды. «Баққаннан көресің бе, тапқаннан көресің бе» дегендей, бұл кісі бізге туған анамыздай қамқор болды. Ешбірімізді бөліп-жармады, қабағымызға кірбің түсірмеуге жанын салып бақты.

Ата-анамыз отбасында көп бала тәрбиелеп, барығымызды еңбекке баулып өсірді. Соның ішінде әсіресе Қайдарымыз тап әкеміздің жолын жалғаған ұсталығымен аты озды. Әкеміз біздің өте еңбекқор, елгезек мінезді, алғырлық қасиетімен қадірлі болған жан. Қолы алтын еді. Шопандар арасында чемпион болып, «Урал» мотоциклін, «Москвич» көлігін иеленгені бір бөлек, таудың жонын шеңгелмен қоршалап, отырғызған бау-бақшасы, еккен помидор-қияры дүр етіп тез-ақ гүлдеп өнім беріп, отбасын да, айналасын да көкөністің, жеміс-жидектің молшылығына кенелтетіні керемет еді.

Міне, осындай асыл жандардың тәрбиесін алып өскенімізді бір бақыт санаймын. Сонымен қатар, жарық дүниеге шыр етіп келгенімде танауымнан суымды сығып алып, алақанына салып, ақын ағаның назарынан өткізіп алған ақылы асқан Бибіш апаға разымын. Рухына мың да бір тағзым етемін.

Қайнар Құлтасов

ҚҰНАНБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ

2015 жылдар болу керек. Қосүйеңкіліктер ғана емес, аудан халқы түгелге жуық есіміне жақсы таныс Бибіш апа туралы төл газетімізге мақала жазғымыз келді. Бір өкініштісі, бұл кезде Бибіш апа өмірде жоқ. ол кісі 2000 жылы дүниеден қайтты. Артында перзенттері бар. Солардың бірі – Жаңақорғанда тұрып жатқан ұлы – Ерғали ағамызбен сөйлесіп, Бибіш апа туралы «Үштөбелік ару» деген тақырыпта очерк жазған едік. Жазбада соғыс уағында Жаңақорған жеріне әскери тапсырмамен келген маманның осы топырақта біржолата қалып қойған тағдыр-талайы жөнінде баяндалды. Ал бірақ Абайдың ұрпағы екендігі жөнінде мысқалдай дерек естісек, не қылсын?

Осы Ерғали ағамыз осы жаз тағы қара көрсетті. Бұл кісілер қазір отбасымен Түркістан қаласында тұрып жатыр екен. Аналары - Бибіш Смағұлова туралы кітап шығаруды ойға алған перзенттері қатарында Анарбегі, Ерғалиы, Болаты редакциямызға келіп, көп естеліктер айтты.

Міне, керемет, Бибіш апа туралы талай жазылған, менен басқа да кісілердің жазбасы бар, ол кісі туралы біршама білемін деп отырған басым апаның өмірі туралы мүлде тың деректі естіп, таң қалдым.

Бибіш Смағұлова Құнанбайдың тікелей ұрпағы екен, бірақ соны бірде-бір рет тіс жарып айтып, елге жарияламаған. Кеңестік кезеңнің тоталитарлық режимінен қорыққаны сөзсіз, одан бері де егемендікке қол жетіп, бар-жоғымызды түгендеген жаймашуақ күн туды емес пе? Сол кезде неге көңілде жасырып келген жан сырын ақтармаған? Тумай жатып сүйегін жасытқан тағдыр зобалаңына деген ызасын, наласын енді ақтарғанда не өзгереді деп түйді ме екен? Өмір бойы қарақан басына түскенді қайыспай көтеріп келе жатқан қаракөз қария жасына жеткенде жүрек сырын өзімен бірге алып кетуді дұрыс көрмей, бір перзентіне айтып кеткенінің өзі біз үшін үлкен олжа болып тұр. Ақпараттың тілімен айтсақ, сенсация.

Енді осы жайт туралы баяндап берген Ерғали ағамыздың әңгімесіне кезек берелік.

- 1999 жылдың басынан көкемнің сырқаты жанына батып төсек тартып жатып қалуы жиіледі. Төсектен ұзамай қалған әкемнің тобығында ісік пайда болды. «Демалыс сайын келіп тұрыңдар. Тобығындағы ісік тізеге қарай кетті дегенше жағдай қиын» дегенді ескертті апам бізге.

Мамыр айының ортасы. Қасымда газет-журналдар жатыр еді. Соның бір бетін тұтас қамтыған Академик Евней Букетовтың Абзал Қарасартов туралы мақаласын түгелімен оқып шықтым. Апам мақаланы оқып шыққанша ойымды бөлген жоқ. Қалың ойда отырды. «Мақаланың авторы таныс па?» деп сұрады. «Иә, таныс «Аттың қомында туған адам» деген кітаптан білемін, химия ғылымдарының докторы, КарГУ-дың ректоры болған кісі» дедім Евней Букетов жөнінде терең білетінімді аңғартып, - дейді Ерғали аға.

Ал Абзал Қарасартов… Біз кеңес өкіметінің идеологиясына сусындап өскен ұрпақ тарихтың ақтаңдақтарынан мүлде бейхабар өстік десек болады. Бізге мектепте өте жүйелі білім берілді. Қандай пәнді алсақ та түпқазығынан бастап түсіндіретін, жілігін шағып, майын ішкізетіндей құнарына қанып өстік деуге болады. Ал ұлттар тарихын оқытуға келгенде бұрмалаушылықтар орын алып, халықтың өткеніне керемет қиянат жасалғанын кейін, өз тәуелсіздігімізді алып, дербес тарихымызды түзген кезде ғана анық біліп, білген сайын көкірегіміз қарс айрылып, ата-бабамызға кінәсіз жағылған күйеге жанымыз күйіп, замана ақиқатын арши түсуге ұмтылып келе жатқанымыз айқын.

Бір тудың астында мүдде біріктірген он бес одақтас республика азаматтарын ортақ Отанымызды қастерлеуге баулығын патриоттық тәрбиенің мазмұны СССР тарихын оқытқанда орыс халқын ұлы, құдіретті санап, биікке көтеріп, басқа ұлттарды соның шылауында ұстап, екінші сортты етіп сендіру саясатына шебер құрылғаны сондай, «бұратана, жабайы ұлт болғанымызды» өзіміз де іштей мойындай түскен едік.

Ал Алаш ардақтылары жөнінде Қазақ ССР тарихында бір ауыз да дерек берілген жоқ.Сонда Қарасартовтар туралы біз қайдан білмекпіз?

Бүгінгі ұрпақ Алаш қайраткерлеріне жасалған қиянатты оқып-біліп, тіпті өздері де архивті ақтарып ізденіп, көп шындыққа көз жеткізе бастадық. Бұл тапқан мәліметтерін газет-журнал беттеріне жариялап, оған қолы жетпегендер әлеуметтік желіге жүктеп, көптің көзін ашып, қоғамдық пікір туғызып келеді.

Егер бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, Қарасартов туралы мәліметтер аз емес. Ол туралы қысқаша тоқталып өтелік.

Оның Академик Евней Букетовке берген сұхбатын салыстырып көрген тарихшылардың зерттеуі көп жайға көзіімізді қанықтырып отыр. ОГПУ-дың бастығы Қарасартов нөкерлерімен келіп, Шәкәрім қажыны атып құдыққа тастап кеткені рас. Өзі мұнысын дұрыс деп санаған. Оның көзқарасы бойынша Шәкәрім советке жаулық ойлаған, көтеріліс ұйымдастырған адам. Өзі оның жазалануы әділетті деген ұстанымға өмір бойы сеніп өткен.

Жеке басына айып тағылған Қарасартов 1938 жылы түрмеге жабылған. 8 қаңтар күні жабылып, 9 қаңтар күні қайта босаған. Бір-ақ күн жатқан түрмеде. Қарасартовтың кім екенін білу үшін 1929-1941 жылдардағы ОГПУ қызметіне баға беру керек. Оның басшылығымен сотталған, атылғандар тізімі жасалуы керек. Ол атеист болған. Дінге сенбеген. Шәкәрім қажыны атқаны оның мәңгілік соңынан қалмайтын қасіретті қылмыс.

Ал енді осы Қарасартовтың Абайдың ұрпағына істеген қиянаты туралы не білеміз? Бұл ретте архив құжаттарын қоя тұралық, сонау сұрапыл кезеңде көзсіз еліктей алып-ұшқан аруды Қаратаудың етегіндегі елді емдеп-сауықтыруға тастап кеткен тағдыр жазмышы өз алдына, кейін қариялық жасқа жетіп, қарттық деңдеп, өмірден өтер уағында өз аузымен айтқан шындық не дейді?

Бибіш апа осыған дейін тірі жанға айтпай келген жан сырын сүйікті ұлы – Ерғалиына айтып беруге бекінген екен. Анасы өмірден озып кеткен соң көп ойланып, көп толғанып анасы туралы естелікті ел назарына ұсынуды жөн көрген Ерғали аға анасының осы айтқандары түп-түгел тасқа түсіп, тарихқа айналса дегенді мұрат тұтыпты. Қаймана қазақты былай қойғанда Бибіш апаның бауырынан түлеп ұшқан ұрпақтың өзіне жұмбақ болып келген тағдыр жолы төмендегіше сыр шертеді:

«Есімді біліп қалған жеті жасыма дейін Шәкәрімнің «Қоңыр» жайлауында Керегетас деген жерде өстім. Құнанбай әулетіне сол жылдары қуғын-сүргін басталды. Әркім бас сауғалап түнделетіп қаша бастады. Көп ұзамай Шәкәрім ағаның бізге келіп айтқан үрейлі хабары күні бүгінгідей есімде. «Түн қараңғысында қашуларың керек. Қарасартов және оның адамдары аңдып жүр. Ұсталсаңдар ешқандай аяугершілік болмайды» деді ол. Осы түн менің есімнен мәңгі ұмытылмайды. Мені есіркегені ме, әлде рухымды көтерейін деді ме, «Айналайын, осы Бибігүлдің көзінен нұр шашып тұрғандай болады. Қандай қиыншылық болса да сабырлылығымен, қайсарлығымен, шыдамдылығымен жеңіп, тамаша өмір сүретін болады» деп менің басымнан сипады. Шешем, мен, ағам Ертайды қара түнде шығарып салды. Біз қашып шыққанға дейін де Абзал Қарасартов және оның адамдарының қаншама адамды ұстап алып, атқанын, қамағанын естіп, жататынбыз. Сол бойтасалағаннан ізімізді жасырып отырып Жетісу өңіріне жеттік. Ертай ағам анам екеумізді «Майлыбай» деген өркениеттен алыс жатқан шалғайдағы қыстаққа қоныстандырып өзі Алматыға кетті. Еті тірілігі ғой, өзі талпынып оқып, мамандық алып шықты. Отбасылы болып, сонда қалды. Үлкен қызметтер атқарды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Әйелі Мунира екеуі анам екеумізге қамқор болып отырды. Мен мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы медициналық техникумға оқуға түсіп, акушер-фельдшер мамандығын алып шықтым. Құжатымда Бибігүл Смағұлова деп аты-жөнім дәл жазылғанымен туған жерім қазіргі Талдықорған облысының Үштөбе ауданы Қаратал ауылы деп көрсетілген. Негізі мен Жидебайда тудым. Тобықтының Арғын руынанмын.

Анам кейіннен тұрмысқа шығып, соңымнан бауырларым ерді. Сондықтан қалың жалайыр да менің бір туған жұртым» деп толғаныпты Бибіш апа.

Апам өмірінің осы бір құпия тұстарын менен басқаға ешкімге айтпағанын ескертті, - дейді Ерғали аға.

Өзінің Абайдың ұрпағы екенін өмір бойы жасырып келген қайран ананы түсінуге болады. Өмірге көзін ашпай жатып бүлдіршін жанын тітіреткен сұмдық саясаттың құрбаны болудан қорыққан шығар. Ұлы Ерғалиға айтып отырған жан сырын тірілткіміз келіп, енді үлкен қызы – Несіпкүл апамызбен сөйлесуді жөн санадық. Заты қыз бала ғой, жұқалап болса да бірнәрсе айтпауы мүмкін емес деген де үміт жоқ емес.

Ертесіне, жұмыстан уақыт тауып, бүгінде Алматыда тұрып жатқан Несіпкүл (Нестай) апамен телефонмен сөйлестім. Анасының Абайдың ұрпағы екендігі жөнінде ол да бар білгенін ақтарды.

Сонымен, Тұтқабек пен Бибіштің тұңғыштары – Нестай апа былай дейді: «2003 жылы елге барып ерімнің рухына арнайы құран бағыштамақ болдым. Қонақасында ағайынның ортасында екі інім отырған. «Біз Абайдың жиені екенбіз» дегенді айтты бір інім. Мұны айтуға себеп болған мына жағдай екен. Осыдан бұрын ауылда бір кісі қайтыс болып, соның жаназасында отырғанда Ержан деген молда облыс орталығында бір жиында болған екен, сондағы естігенін айтады. «Имамдардың арасында әңгіме болып жатыр екен, сонда естігенім, Шәкәрімнің үрім-бұтағы Сыр бойында бір әпкеміз бар деп іздетіп жатыр екен» деген жаңалықты айтады. Бұл іздеген апалары – менің анам Бибіш болып шыққанына таңырқамағанда қайтейін? Осы уақытқа дейін анамыз бізге мұны неге айтпаған?

Ақиқат әйтеуір бір күн ашылады екен ғой. Мына хабар сол жерде отырғандардың көбін толқытты. Тіпті, менен кейінгі інім Анарбекке қарап көпшілік: «Былай қарасаң да Абайсың, былай қарасаң да Абайсың» деп бүгін көргендей көз алмай қарағандары да қызық болып жатыр. Семейдегі Тәкежанның немересі шырақшыға шежірені жіберген екен. Ол шежіреде былай: Құнанбайдан Смағұл, Смағұлдан Ырымқұл, Ырымқұлдан Сламқұл туады. Біздің анамыз Сламқұлдың қызы. Сламқұлдан Бибітай, Бибігүл, Бибінұр туған. Ер баласы болмаған. Бибітайы 55 - жылдары қайтыс болып кетті. Сламқұлды Сәбіке деп атаған екен.

Бірде анамнан «әкең кім?» деп сұрағанымда «Әкем Сәбіке» деп еді. Ағамның жалғыз ағасы Ертай Ыбыраев деген кісі, Алматыда тұрған, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарған. Татар әйел алған. Ол кісі 1957 жылы өмірден озды. Ағасы қайтыс болды деген хабар келгенде анамның бақырып жылағанын көрдім. Мен ол кезде он жастамын ғой. Сонда бұл кеңес өкіметі билігінің фашистік гестапоның тәртібінен қай жері кем, коммунист анам ауылдағы қызып тұрған қызметінен босап шыға алмай, сол жалғыз ағасының жаназасына да бара алған жоқ.

Ағасының қазасын жеткізген жалайырлар еліндегі сіңлісі Тәшен еді. Осы Тәшен әпкем қайтыс болғанда жалайырлар құран оқытып мен бардым.

Анамның бір арманы бар еді іште. Айтпайтын. «Қайран, Жетісу» дейтін. Қыстыгүні барып, үлкен әжесін алып келгені есімде. Жасы 100-ден асқан әдемі кемпір, жорғалап тізесінен жүріп қалған. Ақсары кемпір 104-ке келіп қайтыс болды. Енді ойласам, ол кісі Смағұлдың бәйбішесі-ау, менің анамды Бибітай дейтін. Есімі Күмісай еді, біздің үйімізде 5-6 жыл өмір сүрді. Шешемнің Үштөбедегі жалғыз сіңлісі он жетіге толып тұрмысқа шығатынында анамызға «әжені алып кет» деп хабар салған ғой. Аналары ол кезде қайтыс болып кеткен екен. Сондықтан әженің жақындарынан қалғаны жалғыз біздің шешеміз болып тұр ғой. Ақпанның қара суығында әке-шешем Алматыға барып осы кейуананы алып келген болатын.

Кейін ойланып қарасам, анамның кейде жақауратып қана «Арғынның ішінде тобықтымын» деп айтып қалатынына біреуіміз бас ауыртып сырына үңілмеппіз.

Анаммен еріп, Үштөбеге бір-екі рет барғанмын. Сонда анамыз «ана кісі біледі менің кім екенімді» дегені есімде. Қазір сол кісілерден де ешкім қалған жоқ-ау.

Біздің білетініміз, анамыздың Алматыдағы жалайыр төркіндері. Олар кейін заман түзеліп, елдің қарны тоғайған жаймашуақ уақта апамды іздеп келіп тұрды.

Менің ұлым Түркістан университетінің дінтану мамандығын бітірген. Теолог. Семейге қарауылға Жидебайға барып Шәкәрім жатқан жерге зиярат еткен. Имамның «Сыр бойында Шәкәрімнің бауырлары бар екен» деп іздетіп жатқаны Смағұловтар болып шықты.

Шешем Құнанбайдың шөбересі екен. Шешемнің әкесінің есімі Сламқұл. Сламқұл Смағұлдың, ал Смағұл Құнанбайдың бір ұлы.

Анамның ағасы алысты бағдарлайтын дана адам болған-ау, метрикелеріне әкелерін Смағұл деп жаздырыпты. Анамның тегі солай деп сақталып қалды.

Анамның жалайырдағы бауыры Ташенмен тығыз араласып тұрғанын білемін. Ташен апамыз көп балалы ана еді. Осы Ташен әпкем қайтыс болғанда жалайырлар құран оқытып мен бардым. Оянға кіргеннен біз мінген көліктің терезесінің алдына жыпырлап торғайлар қонды. Ішім алай-дүлей болды. Оянға кіргеннен анамның бала күнінде жалаң аяқ кешкен май топырағына табаным тигеніне көңілім алабұртып іштей босап келе жатқан басым мына құстардың қалбалақтап қарсы алдымнан кетпеуін апамның өзін болмаса да көзіндей көріп мені қарсы алғаны деп сеніп әбден жыладым.

Бұл жақтағылардың көбі репрессияның әлегі тағдырын тас-талқан еткендер, әлі есімізді жинай алмай жатырмыз деді. Әлі де біреуді біреу іздемеген. Мен іздеген болдым. Анаммен бірге ойнағандарды, анамның ағасының қатарын, қайда, олардың бірі де жоқ қой, өмірден өтіп кеткен.

АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ

Қүнанбай туралы оқырманға артық насихаттаудың қажеті жоқ болар.

Құнанбай қажы 19 ғасырда ел басқару ісінде даналығымен аты озық танылған кісі болған. Қазақ арасында барымта,қарапайым елге патша тізесін батырған кезең.

Құнанбай атамыз туралы жеке өзінің тұлғасына келсек, біз ғана емес, ешкімге жақсы сөз айтпаған Абай: «Ескендір, Темір, Шыңғыстай, мұсылманда атақты. Мұқым қазақ баласы одан ақыл сұрапты» дейді.

Құнанбайды қалыптастырған ортасы. Ол кісі Абылайханды көрді, Кеңгірбай сияқты үлкен атаның тәрбиесін алды. Басқа да заманындағы ірі тұлғалардың, хандардың, би мен бектердің тәрбиесін алған.

Құнанбай өз елінде туып өскен қазақ үшін аңыз, жұмбақ тұлға.

Ол кісінің дүниетанымын терең бағамдап зерттеуші аз. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына, атеистік иднологияға ол қарсы болды. Есімханның ескі жолы, Қасымханның қасқа жолы, дала заңдарын қалай үйлестіру керек? Бұл кезде хандық жүйе жойылып, аға сұлтандық жүйе енді. Кейін 1868 жылы аға сұлтандықты да жойып, болыстыққа майдалап жіберді. Патша өкіметі үшін бұл тәсіл отарлауға оңай. Құнанбай шариғатты сырттан телініп жатқан билік жүйесімен қалай үйлестіру мәселесі жөнінде терең толғанды. Ол өте сауатты болды болды. Оның әкесі Өскенбай көшелі, танымал кісі болған. Оның атақты асы қазақтың үш жүзіне жайылып Көкшетауда, Семейдің Абыралы мен Қарқаралы ортасында өтеді. Сол жер Көкшетау деп аталған

Ол кезде Құнанбай 45-46 жаста. Бұл кез хандық жүйеге негізделген, қазақтың тәуелсіз хандық кезінің көрінісі. Қүнанбайдың әке болған кезінде аға сұлтандық кірген кез. Көптеген ұлттық құндылықтар өзгеріске түсіп, тамырына балта шабыла бастаған кезі. Оның ішінде өз заманындағы орнаған тәртіпке қарсылықтар болған. Өз балаларының барлығына ең әуелі дәни тәрбие берген. Заманауи тәрбие, орыстың заң-законын, қарым-қатынасын білуге тырысты.

Еуропада не болып жатыр? Еуропадан әлемге таратып жатқан жаңалықтар не айтады? Әлемдік алпауыттар жағдайы нешік? Еуропада қандай өзгеріс болып жатыр? Ол қазаққа не әкеледі? Осының бәріне жіті назар салып отырды.

Балаларын барынша оқытуға ден қойды. Құдайбердіні де, оның ұлы Шәкәрімді де оқытты. Қажылықтан келген соң дүние сөзін сөйлемеді, жетпістен асқан соң заман қайшылыққа толып кетті. Тамырға балта шабылды. Сол кезде ол мынадай күнәкарлыққа батқым келмейді деді.

Бірнеше балаға діни тәрбие беру үшін жақсы ұстаз іздеді. Діни шариғи молда іздеп Ғабитхан молданы Самарханнан алдырады. Түркістан жақтан Әуезқожаны (Мұхтар Әуезтің әкесі) алдырады.

Қазақтың Мәшһүр Жүсіп сынды тұлғаларына келіп- кетіп тұралы.

Құнанбай Қарқаралы жерінде мешіт-медресе салдырған.

1848 жылы мен 1852 жылы, яғни төрт жыл аға сұлтан болған, бұл бүгінгі бес-алты облысты басқарғанмен бірдей. Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Омбының шеті, Балқаштың, Жезқазғанның бергі беті осы кісіге қараған. Орталығы Қарқаралы болып есептеліп, Омбыға есеп беріп отырған.

Құнанбай 1875-76 жылы қажыға барады. Ұзақ жола кемемен, атарбамен жүреді. Жаз-қыс жүріп, Мекке-Мәдинаға жетеді. Ол жерде Тақия салдырған.

Мұхтар Әуезов ол туралы «Құнанбай – күрделі тұлға» деп жазады. Құнанбай қажы туралы Әлихан Бөкейханов 1905 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абайдың шығу тегін тарқата келгенде Абай және Құнанбай есімін қатар атаймыз» дейді.

Құнанбайдың әкесі Өскенбай Тобықты елінде әділ би болған. Оның әйелі, яғни Құнанбайдың шешесі Зөре әжеміз өте ақылды, тақуа, жомарт жан болған.

Құнанбай 1804 жылы Шыңғыстаудың «Ақшоқы» деген жерінде дүниеге келді. 1886 жылы сонда жерленді.

Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден Құдайберді туды, екінші алған әйелі Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим, Ысқақ, үшінші әйелі Айқыздан Халиолла, Смағұл туады. Төртінші жұбайы Нұрғанымнан бала болмаған.

Құнанбай 1834 жылы Күшікті тобықты руына старшын болып тағайындалды.

Біздің кітабымыздың бас кейіпкері – Бибіш апамыз жоғарыда аты аталған Құнанбай ұлы Смағұлдың немересі болып табылады.

Құнанбайұлы Смағұлдың ұрпақтары туралы

Қазақтың өткен тарихы мен әдебиетінде өзінің лайықты бағасын ала алмаған күрделі тұлғаның бірі де бірегейі де- Құнанбай.

Кеңестің саясат салдарынан таптық тұрғыдан деген атауды тауып алып, Құнанбайды феодал бай дедік, аға сұлтан болыпты деп айыптап, қажылыққа барғанын сөз еттік. Қазақтың көрнекті жазушысы М.Әуезовтін өзі де сол саясаттың құрбаны болды. Амалсыз Абайды шығару үшін «Абай жолы» романында Құнанбайды озбыр, қатігез деп, баласы Абайға әкесін қарсы қоюға мәжбүр болды.

Алайда,шын асыл жарқырап бір шығады ғой, өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап белгілі тарихшылар, әдебиет зерттеушілер Құнанбайға оралып, оның өмірін, қайраткерлік қызметі мен өзі өмір сүрген заманының күрделі тұлғасы ретіндегі орнына баға бере бастады.

Тіпті, бертінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы Семейге келген сапарында «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет» деген қағидалы сөзі Құнанбайға жарқын жол ашты.

Құнанбайдың соңғы мәңгілік мекені - Ақшоқыда оның ұрпағымен жатқан зират қорымы қоршалып, жаңа заман талабына сай абаттандырылды. Ақшоқыға барар жол жөнделіп, Құнанбайдың өмір жолынан хабар беретін музей ашылды. Абай ауданының орталығы Қарауылда Құнанбай құрметіне еңселі ескерткіш пен кең орталық көшеге оның аты берілді.

2024 жылы Абай елі Құнанбай бабасының 220 жылдығын барынша сән салтанатпен өткізіп, ас берді, дүркіретіп той жасады. Ат бәйгелері түгел дерлік ежелгі дәстүрмен тоғыз бастатқан деп түйе, жылқы, өгіз түрінде малдай аталып беріліп, 500 бала тайға мініп шеру жасады.

Семей қаласында Құнанбай құрметіне ғылыми танымдық конференция мен ақындар мүшайрасы өтіп, ойын-сауық, концерттер болды.

Сөйтіп, Абай елінің бүгінгі ұрпақтары ерледі. Тәуелсіздіктің арқасында ұмытылып бара жатқан Құнанбай бабасын барынша ұлықтады.

Сөйткен Құнанбай кім еді?

Оның тегі, ата руы- Орта жүз -Арғын -Тобықты. Оның арғы атасы Ырғызбай. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Тобықты елінің бас биі болған адам. Ол орыс билігі тұсында 1826 жылы старшын болған. Құнанбайда әкесінің ізімен 1831 жылы старшын, 1844 жылы Кішік-Тобықты елінің болысы, 1849-1852 жылы Қарқаралы округінің аға сұлтандығына тағайындалуы 1865-66 жылдары Аякөз округінде аға сұлтанның көмекшісі, кейіннен Тобықтының биі болды.

Жалпы Өскенбай-Құнанбай ұрпақтары 1826 жылдан бастап соңғы 1916-17 жылға дейін, яғни кенестік билік орнағанға дейін Тобықты елін билеп тұрған.

Құнанбай 1874 жылы Меккеге қажылыққа барып, 1886 жылы дүниеден өткен. Ақшоқыға жерленген.

Құнанбай ескі заман, ата салтымен төрт әйел алған. Үлкен бәйбішесі Күңке. Одан жалғыз Құдайберді қалған. Ал, атақты Шәкәрім осы Құдайбердінің баласы, Абайдың немере інісі.

Ал, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан. Одан Тәңірберді, Абай, Оспан, Ысқақ туған. Қазақ жұртшылығы осы Ұлжаннан туған тәккәпар Тәңірбергенді, данышпан Абайды, тентек болса да, қолы ашық, жомарт Оспан мен біртоға, шаруаға пысық Ысқақтардың өмірін, атақ даңқын, қызмет істерін жақсы біледі.

Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыз, ол Тобықты ішінде Жуантаяқ-Қарабатыр деген ел бар, сол елдің Бекен деген орта шаруаның қызы. Өте өңді болса керек, Құнанбай балалары «Ақ апа» десе, былайғы жұрт «Ақ тоқал» деп атап кеткен.

Осы Айғыз анамыздан 1849 жылы туған Халиолла, 1852 жылғы Смағұл, 1855 жылғы Кәмшат есімді қыз дүниеге келген.

Айғыздың тұңғышы, Құнанбайдың орысша білім алып, болашағынан мол үміт күткен баласы Хаплиолла туралы ұзақта, мағыналы әңгіме айтуға болады.

Қысқарта айтар болсақ Халиолла Өскенбаев 1859 жылы Омбы кадет корпусына окуға түсіп, оны 1867 жылы бітіріп, одан 1867-1868 жылдары Москвадағы княз Александр атындағы әскери училищені бітіріп, 1868-1870 жылдары Омбыда әскери қызметте жүріп, сонда ауырып қайтыс болады.

Халиолла- біздің Семей, Шыңғыстау өңірінен тұңғыш орысша білім алған адам.Ол қазақ фольклор үлгілерін жинаған. Оны орыс тіліне аударған. Осынау оқу жылдары ол ағасы Абайға орыс тілін, әдебиетін, тарихын жетік білуге көмектескен. Оның қилы тағдыры, аянышты қысқа ғұмыры, сәтсіз махаббат хикаясы, орыс оқығандарымен жақын болуы бәрі де ұлы Шоқанға көп ұқсайды. Біз үшін ол екінші Шоқан.

Әттең, болашағы алда еді, елі де, әкесі Құнанбай да одан үлкен үміт күтті. Бірақ Халиолланың өмірі небары 22 жасында үзілді. «Абай жолы» романының алғашқы тарауларында Құнанбайдың Айғыздан туған балаларының аттары мен бақытсыз ғұмырлары азда болса сөз болады.

Халиолла есімі романда Халел деп аталса, Смағұл мен тентек Оспанның ерегесі қызық суреттеледі. Романда Құнанбайдың Айғыздан туған қызы Кәмшаттың қайғылы қазасы ерекше сөз болады. Тобықты елінде Құнанбай мен Жігітек Бөжейдің арасы ушығып, соңы дау жанжалға ұласады. Ақыры екеуі бітімге келіп, Құнанбай айыпты болып Бөжейге құн салығын төлеп, сол кездегі билер кесіміне орай аманат деп Кәмшат қызды күңдікке береді.

Бірақ, жас сәби ауырып, барған соң көп ұзамай дүниеден өтеді. Бұл шешесі Айғызға қатты батады. Кәмшат сәбидің денесі Қарашоқы деген жерде дөң үстіндегі Бөжей зиратының ішіне қойылған. Көремін деген жан болса көрсетуге әбден болады.

Енді Смағұлдың тағдырына ауысайық.

Көзі көргендердің айтуына қарағанда Смағұл бетінде шұбар дағы бар, зор денелі, тұрпаты Құнанбайға ұқсас көрінеді. Өзі Ырғызбай баласы Құнанбай, Абайға жақын Ниязбек Алдажаров деген, естігені көп, көптеген деректер жазып қалдырған шежіре ақсақал болды.

Сол кісі бір ауылға ойран салып, бала-шаға, қатын-қалашты шулатқан, бой бермес дәу өгізді Смағұлдың екі мүйізін басып тұрып, тұқыртып мойнын бұрап жыққанын әңгіме етеді.

Тағы бірде Құнанбай мен Ұлжан мінген жеңіл пәуеске арба өзенге жарға түсіп, аударылар шақта, аттан қарғып түскен Смағұл арбаны күшімен қос қолдап ұстап, қарсы жағаға тік көтеріп шыққына әкесі Құнанбай риза болған көрінеді.

Халиолла қайтыс болғанда оның жеке мүліктері інісі Смағұлға берілген. Смағұлдың қонысы –Қаракүнгей мен қатарлас Шыңғыстың бері бөктерінде Сары қатын деген жерде.

Таяуда таныс тарихшы азамат сіздерге керек болар деп, 1896 жылы қағазға түскен Шыңғыс болысы №11 ауыл тұрғындарының тізімін беріпті. Тізімде 42 үй, иелері ер азаматтың аты- жөндері жазылған. Оның 10-ы Құнанбай Өскенбай ұрпағы, 5-еуі Жуантаяқ Қарабатыр болса, 27 – жанұя Тобықты ішіндегі Әнет ата балалары екен.

Осы тізімде 3 ретте Смағұл Құнанбай деп жазылып, Сары қатын қыстауы, Құнанбай ұрпағы, 5 атадан осы жерде тұрып жатыр деп, қысқа анықтама берілген.

Бір қызығы, Қаракүнгей деген жер Құнанбайдың, оның бәйбішесі Күнкенің қонысы делінеді, одан баласы Құдайберді, кейіннен Шәкерім иемденген.

Ал Сарықатын деген қоныс Қаракүнгеймен қатарлас жатыр. Осы Сарықатында 1870 жылы қайтыс болған Халиолла 1904 жылы өмірден өткен Айғыз ана зираттары бар. Құнанбайдың бәйбішесі Күнке де осында жерленген.

Атақты Өскенбай бидің екінші әйелі Аққаннан туған Жақып деген жалғыз ұрпағы болған. Осы Жақыптың баласы Ақбердінің немересі көпті көрген Жұматай Ақбердінің «Жусан иісті далам» деген 2020 жылы шыққан кітабы қолыма тигені.

Осы кітапта Жұматай ақсақал өзі бір кезде мекен еткен атақоныс жерлерді аралап, өткен оқиғаларды еске түсіреді. Автордың жазуына қарағанда Айғыздан туған Халиолла мен Смағұлдың тағы бір қонысының аты Қарабұлақ деп аталады, Жолаушылар Ақтас деген кезеңде Смағұлдың Сләмқұл деген баласының зиратына тоқтап, құран оқып аялдаған екен. Сләмқұл атаның Қарабұлақ пен Ақтас деген жерде жерленгенін осылай оқуға болады.

Біздің Абай елінде Құнанбайұлы Смағұл туралы деректер аз. Көп мәселе күңгірт анық емес. Шежіреде Смағұлдың ұрапағы Сіләмқұл, Рымқұл, Тұрсынбек, Дәулетбек деп таратады да, ары қарай үзіліп қалған. Ұрпақтарының, қыз-ұлдарының аттары жоқ.

Бірақ нәрсе анық. Өткен ғасырдың басында 1928-1929 жылдардағы нәубәт тұсында Құнанбай ұрпақтары жаппай қуғынға ұшыраған. Сол уақытта Смағұл өзінің аман қалмасын біліп, ұрпағы бой тасалап, Шыңғыстаудан тез арада көшіп, қоныс аударуын мақұлдаған. Сондықтан Смағұл ұрпақтары Семейге, одан Алматыға еріксіз қоныс ауыстырған

2011 жылы «Семей таңы» газетінде (20 қыркүйек 2011 жылғы № 66-68 сандары) тарихшы М.Кәрімовтың «Қытайдағы Құнанбай қажы ұрпақтары» атты елді елең еткізген мақаласы жарыққа шықты.

Мақаладан біз өз керегімізді алдық, жоғымызды таптық. Ізденген жетер мұратқа дегендей Смағұл балаларын, Құнанбай ұрпақтарын кездестірдік. Мәселе мынада, мақалада айтылғандай, Құнанбайұлы Смағұлдың екі әйелі болған. Бірінші әйелінен жоғарыда аттары аталған Сәлімқұл, Рымқұл, Тұрсынбек, Дәулетбек деген ұлдар туған. Ал мақалада жазылғандай Смағұлдың екінші әйелі қырғыз қызы екен, аты Себеке. Бұл әйелден Бурылхан, Бұрмахан деген екі қыз туады.

1927-1928 жылдары конфеске мен қуғын-сүргін әлегі Құнанбайұлы Смағұлдың да айналасын шарпыды. Осы тұста Смағұл аман қалсын деген ниетпен қыргыз әйелін екі баласымен, дүние, мал- мүлкімен Қырғызстанға орналастырып, өзі Шыңғыстауға кері қайтады.

Алайда, Смағұлдың қырғыз әйелі Себекеге бұл жерде тыныштық болмапты.Ел іргесі сөгіліп, қырғыздар да Қытайға өте бастағанда жанұшырған Себеке екі қызымен көппен бірге арғы бетке өтіп кетеді.

Олар Шыңжанның Іле өңіріне жататын Мыңғылкүре ауданының Сынтас деген жеріндегі, Қызай елінің, Жолболды руының адамдарына қоныстас қонады. Уақыт өте Себекенің қызы Бурылхан сол елдің Қасей деген азаматына қосылып, одан Мейманхан деген ұл туады. Ал, Себекенің екінші қызы Бұрмахан болса, ол да сол елдің Болсанбек деген азаматына ұзатылып, одан Тоқтаухан атты бір қыз дүниеге келеді.

Таратып айтсақ, Бурылхан, Бұрмахан Смағұлқыздары Құнанбай қажының туған немерелері, ал олардан туған Мейманхан мен Тоқтаухан қажының туған жиендері болады.

Смағұлдың әйелі Себеке сол Қытай жерінде 1940 жылы дүниеден өтсе, оның қыздары Бурылхан 1976, Бұрмахан 1958 жылы қайтыс болыпты. Бүгінде Бурылханнан туған Мейманхан 70 жаста, ал Бұрмаханнан туған Тоқтаухан 80 жаста, екеуі де Қытайдың Іле аймағы Мұңғылкүре ауданында тұрады деген дерек бар

Демек, Құнанбай ұрпақтарының дерегі табылды. Жақсының аты өшпейді, тегі құрымайды. Бар нәрсе жоғалмайды. Түбі бір жарыққа шығады деген сөз осы болса керек.

Біз Абай елі жұртшылығы, Құнанбайдың Смағұлынан тараған Сләмқұлдың Бибіштей асыл ұрпағы бар екенін енді біліп отырмыз. Жаңарқа ауданы газетінің редакторы Баян Үсеинованың «Жақсының көзі» атты мақаласында Бейбіш ана туралы көркем баяндалған.

Мақаладан түсінгеніміз, Смағұлұлы Сіләмқұлдан Бибітай, Бибігүл, Бибінұр деген үш қыз қалған. Ұл жоқ. Шешелерінің аты Күмісай. Жарықтық, сүйегі асыл, қасиетті атаның, қасиетті жердің ұрпағы ғой. 104 жас жасапты. Сол асыл ана Шыңғыстаудан Сыр бойына арып ашып жеткен соң, жанұя құрған. Үш қызы есейіп тұрмысқа шыққан.

Соның бірі Бибіш атанған 1922 жылы туған Бибігүл Сләмқұлқызы Смағұлова. 1942 жылы әскерге шақырылып, майданға аттанар шақта Жаңақорғанда қалып, ұзақ жылдар халыққа дәрігерлік қызметін көрсетіп, емшілік жасап жұртшылыққа көп көмегін тигізген. Адамгершілік, кісілік қасиеті ерекше болды деп ел есіне алады екен.

Осы қысқа мерзімде Бибіш ананың Ерғали ұлымен, Несіпгүл деген ұрпағымен тілдестік. Олардың Абай жері, Тобықты елі мен атасы Смағұл жайлы білмек болған ынта-ықыласын олардың анасына деген жоғары құрметі деп білемін.

Сонымен Смағұлдың Ақшоқыда жерлегенін, оның қоныстары – Қаракүнгей, Сарықатын, Ақтас, Қарабұлақ деген жерлер екенін баяндадым. Өтірік айтуға болмайды, аруақ оны кешірмейді. Мен оны көп ретте Халиолла жайлы зерттедім. Кәмшат қыздың аянышты тағдырын айттым. Білгенімді оқығанымды зерттеп саралап жеткіздім. Кәмшаттың жерленген жері - Қарашоқы. Ол аудан орталығанан 10 шақырым, ал Сарықатын, Ақтас деген қыстаулар шамамен 25 шақырымдай болады. Таулы-шоқылы жер. Хан өзені бар.

Бірақ бір кем дүние дегендей, өкініш өзекті өртейді. Ертеректе, кеңес уақытында келіп кетудің реті болмаған шығар. Заман солай болды. Ештен кеш жақсы дегендей, Алла амандығын берсе нағашы аталарыңыздың ата мекені Шыңғыстауға да жол түсер

Сіздер Аға сұлтан, қажы, құдіретті Құнанбайдың жиені боласыздар, Абай елі сіздердің нағашы жұрттарыңыз. Осыған да тәубе, шүкір дейік. Заманның тыныштығын, елдің амандығын тілейік!

Әсет Медеуханұлы

Журналист, әдебиет зерттеуші, қаламгер,

Абай ауданының құрметті азаматы,

Қарауыл ауылы, Абай ауданы, Абай облысы

АСЫЛ ЖАННЫҢ ӨНЕГЕСІ ӨШПЕЙДІ

Тұтқабекұлы Ерғали ағамыз осылай толғанады

«Ата-ананың даңқы балаға қырық жыл азық» деген сөздің жаны бар. Оған өз өмірімнен келтірер мысал көп. Соның біреуіне тоқталайын.

Еңбегімен ерек танылып, елдің құрметіне бөленген, Социалистің Еңбек Ері атанған Бәйімбетов Орынбасар деген кісіні бәріңіз білесіз. Шиелі ауданын басқарды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Әуелбековтің кезінде облыс бойынша мал шаруашылығын асылдандыру бағытындағы жұмыстардың бәрін осы кісі ұйымдастырды.

Міне, осы асыл азаматтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтілетін болды. Алдымен тойға дайындық жөнінде мәслихат өтетін болды, соған ауданнан Сапан екеуміз бірге баруымыз керек болды. Кешкісін өткен мәслихаттың төрінде Исатай Әбдікерімов ағамыз отырды. Бір кезде ол кісі мені меңзеп, «Ореке, мына қара бала кім?» деп сұрады. «Өзімнің інім. Ерғали Қайырбеков» деп таныстырып жатыр. Мен әкемнің де, анамның да есімін қатар айтып, өзімді таныстырдым.

- Қай Бибіш? Кәдімгі өзіміздің Бибіш пе? – деп таң қала қарады Исекең. «Иә» деген жауабымды естіп, «Е, ол кісі болса ғажап екен, Текті жан ғой» деді.

Исекең мені жанына шақырып, қолымды қысып, арқамнан қақты. Сонан соң осы басқосуда өзіне тұлпар сыйлаған Еңбекші» совхозының директорына кеудесімен бұрылып: «Жаңағы маған атаған тұлпарды Бибішке апарып бер!» деді. Мен де, өзгелер де аң-таң қалып отырмыз. Содан көптің ішінен: «Неге олай дейсіз, Исеке? Өзіңізге берілген тұлпар ғой. Бұл шешімге келуіңізге не себеп? Бибішке жылқы қарыз ба едіңіз?» деп батылы жетіп бірінің айтқан сөзіне ол кісі қысқаша ғана мына төмендегі хиқаяны баяндап берді: «Онда аудандық комсомол комитетінің хатшысымын. Жаңақорған ауданындағы «Ынтымақ» және «Талдысу» колхозы жастарымен жиналыс өткізуге бардым. Ауыл адамдары жиыннан соң кең табиғатта дастархан жайған екен. Сол жерде ішіп-жеп отырғанымызда, ел іші болған соң бұзақысы да қатар жүреді емес пе, төбелес шығарғысы кеп әдейі соқтыққандарға килігіп қалдым. Қарсы ұмтылған бір-екі дәуді құлатып, жан керек қой, өзім киіз үйдің жанында ерттеулі тұрған күрең торыны міне қаштым. Аудан орталығына жетіп алған соң бұл астымдағы жылқының колхоздың Бибішке берген қызметтік көлігі екенін білдім. Уақыт тығыз, қайтып беріп әкеп жүрер мұрша қайда, мемлекеттің мүлкін заготконторға өткізіп жіберіп құтылдым. Бірақ осы оқиға ойымнан кеткен емес. Бибіштің мойнында тұрған атты қолды еткендей болдым, қайтаруым тиіс еді ғой деп, ойға түссе кәдімгідей көңілім түсіп қалатын, мына баласының кездескені қандай жақсы болды. Менің осы қарызымнан құтылудың сәті түсіп тұр екен. Айналайын, атты алып кет» деді шын пейілімен. Сөйтіп облыс орталығына барып, аяқастынан тұлпар мініп қайттым.

Үйге келсем, апам әлі ұйықтамаған екен. Болған оқиғаны айтып беріп едім, апам таң қалып, «Е, әлі ұмытпаған екен ғой. Ол ат колхоздың маған берген аты еді. Исабай Үсенбаев «Атыңа еге болмадың» деп сөгіс жариялап, оны айлығымнан төлеп жүрдім ғой» деп күлді. Ертесіне жаңа «ГАЗ -54» көлігімен жүгенімен, ер тоқымымен жылқы келіп тұр. Ол кезде мен РАПО – да бас зоотехникпін. Атты күтіп алдым. Енді мұны қайда апарам? Апаммен ақылдасып едім, ол кісі былай деді: «Ал, балам, мен де біреуге бір жылқы қарызбын. Таудағы Омаров Ерниязға қылқұйрық атап едім. Соны бере алмай жүр едім. Мұны Ақбастауда отырған Пәзілбекке апар» деді.

Міне, ол кез адамдарының аманатқа адалдығы, уәдеге беріктігінің көрінісі осындай еді.

Анамыз зейнетке шыққан кезінде облыстық денсаулық сақтау департаменті басшылығы жеке меншігіне мінуге мемлекеттің «Жедел жәрдем» көлігін жекешелендіріп берді. Апам бұл вильстің едәуір уақыт игілігін көрді. Бала-шағасы қанша міндік. Апамның нешеме жылдық еңбегінің қайтарымын өзін қойып, ұрпағына да дейін сезініп келеміз десек болады» дейді Ерғали ағамыз.

***

АУЫЛДЫҢ ЖҮРЕГІ

Біз кітабымызда Бибіш апа туралы жан-жақты жазып, ол кісінің елден ерек қадір-қасиетін ел жүрегінде сақталған сыршыл сүйіспеншіліктен танып, қалың оқырманға жеткізе алдық деп есептейміз. Ардақты ана туралы өзінің перзенттері ғана емес, көз көрген ағайын, кезінде ем-домын алып, дәрігерлік көмегіне жүгінген көпшілік арасында жақсы пікірлерін білдірген аға-апаларымыз аз емес.

Бір сөзбен айтқанда, Бибіш апа Сыр бойының Жаңақорған өңірінде, Қаратаудың баурайында жатқан қараша елге құт болып келіп, бақ болып қонған жан екендігімен көңілімізге орнықты. Ал осы кісінің біздің елге біржолата тұрақтап қалуына жол ашқан асыл жары, өмірлік серігі – Тұтқабек Қайырбекұлы туралы да осы кітапта арнайы тоқталып өту – міндетіміз. Әкесі туралы әсіресе ортаншы ұлы – Ербол ағамыздан көңіл елжіретерлік деректерге қанықтық.

Майданнан аман оралған азаматтың техникаға жақындығының пайдасын ең бірінші осы ауылдың халқы көрді. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасында басшылық қызметте жүрген Түршеков Нұрғали талапкер жастың қабілетін аңдап, аттай қалап, облыс орталығына механизаторлар дайындайтын курсқа жібергені қандай жақсы болған. Кәсіби білім алып, бесаспап маман болып оралады. Соның қабатында моторист, электрик мамандығын игеріп шығуы кейін көптің қажетіне жарап, өз қатарынан ойын да, бойын да озық етеді. Ауылда мезанизаторлар звеносының жетекшісі болып ынталы жастарды техникаға баулиды.

Бір күні шаруашылыққа «С – 80» деген жаңа трактор келеді. Құрылымы мүлде басқа, жер жыртуға арналған ағаш тіркемесі бар. Өзі свечамен емес, дизельмен жүреді. Мұның тілін білетін адам жоқ қой деп дағдарып тұрғанда «Мен айдаймын бұл тракторды. Кеше оқуға барғанда үйреніп қайтқанмын мұның тілін» деп Тұтқабек шаруашылық басындағыларды қуантып тастайды. Сөйтіп тракторға отырады да әп-сәтте оталдырады.Тұтқабек тізгіндеген жаңа трактор еңбек өнімділігі жөнінен жанындағы ескі тракторларды жолда қалдырады. Өйткені бұл тракторға токтың керегі жоқ. Жұрттың бір барған жеріне жұмсалатын шығыныңызды бұл бес-алты рет қатынағанда жұмсауы мүмкін.

Тұтқабек алпыс үшінші жылға дейін осы тракторды айдап, абыройды иеленіп жүрді. Осы кезеңдері аудандық электросеть мекемесінен орыс азаматтар келіп қолдың күшімен көшелерге ағаш бағана орналастыра бастады. Қазіргідей техника қайда, қолдарындағы басы айыр сияқтанған лом темірмен ағаш бағаналарды цемент құйылған қазыққа қадап, ток сымдарын - кабель жүргзу басталды.. Бірақ бұған аудан орталығынан жоғары вольтті электр энергиясын жеткізуге жағдай кем, ауылдықтарға әл әзір мотормен свет беруге болады. Мұны қолға алып кім істейді?

Бұл туралы Тұтқабектің ортаншы ұлы Ербол былай деп әңгімелейді.

«Бірде Жаңақорғаннан ауылға қарай кетіп бара жатып жолай ауыл тұрғыны Есенқұл деген көкемізді көлігіме отырғызып алдым. Бұл көкеммен қалжыңдасып ойнай беретінім бар, «Осы біздің көкеміз туралы шыныңызды айтыңызшы, қандай кісі деп баға бересіз?» дедім. Сұрағыма нақты жауап ретінде ол кісі маған мыны оқиғаны айтып берді: «Бірде жанымда бір-екі азамат бар, ауылға кетіп бара жатқанбыз. Қосүйеңкіге жақындағанда дәрет қыстады ма, жерге түстік. Ауылға азғантай ғана жер қалған. Ымырт боп қалған кез, жым-жырт далада дүңкілдеген дыбыс еріксіз назарды аударды. Үні жердің түбінен шығып жатқандай әсер алдық.Құлағымызды тігіп, анық естіп, мынау соғып жатқан жердің нақ жүрегі, дәу де болса құдай бізді бір қасиетке жолықтырды деп сендік. Бұл жердің жалғыз тал көдесін де аяғымызбен таптауға батылымыз бармай көлігімізге тез-тез отырып алдық. Көп өтпей туған ауылымыздың төбесі көрінді. Ауыл көшелеріне қойылып біткен бағаналар ұшында бір-бір шам жарқырап тұр. Машинадан түсе қалып мәре-сәреміз. Жаңағы жерді дүрсілдетіп соққан үн мотордың үні екенін енді шамалағандаймыз. Е-е, деп бағанағы дүрсілдің сырын енді біліп, жамырап оның басында отырған Тұтқабектің қасына келдік. Елдің үлкендері де осында екен, «Көзің ашылғыр, Тұтқабек!» деп ауыл-ел кеш болса бітті түртінектеген қараңғылықтан құтқарған жанға алғыстарын жаудырып жатыр. Біз де өз басымыздан өткенді айтып, «жаңа жолда келе жатып осы үнді естігенімізде жердің жүрегі ме деп топшыладық» дедік. Сонда көп ішіндегі қариямыз жиылып тұрғандарға қарап: «Жоқ, балапандарым, бұл соғып тұрған жердің емес, Тұтқабектің жүрегі» деп шын ризалығын білдірді. Иә, балам, сенің әкең «Ауылдың жүрегі болған адам ғой» деген Есенқұл қарттың берген бағасы перзент жүрегін елжіретіпті.

Иә, туған жер – алтын бесік, атамекеннің оған шын пейілмен қызмет етіп, маңдай терін төккен жанға сыйлайтын мерейі де осындай биік болса керек.

Ол кезде Қосүйеңкі ауылы жонға бидай егетін жалғыз ауыл. Соның бидайын әкеп сақтайтын совхоздың қоймасы бар. Соғыстан жарадар болып оралып, соның зардабын іштей тартып келген Тұтқабек жастықтың жалынымен ауыр да болса техниканың тізгінін бермегенімен былай келе жеңілдеу жұмысты қолайттауына тура келген. Сөйтіп осы қоймаға қарауыл болды. Табиғатында бар өнертапқыштығы кәдеге асып, ауылда алғаш темір сымнан тор тоқыған осы кісі екен. Оған себеп болған жайт мынау еді, бір замандасы 70 сомға сым кесетін аппарат сатып алғанын айтады, қарап көрсе құрылысының қиындығы жоқ, үйге оралған бетте осы қүрылғыны қоллдан жасауға кірісіп кетеді. Ескі машинананың кардарын алып, өлшемін дәл келтіріп, қолмен кесіп, сым кесетін аппарат жасап шығады. Сонымен жоғары сыныпта оқитын ер балдары әкелері жеткізіп берген каток сымды кезек-кезек әлгі аппараттан өткізіп, күніне 20-30 метр торды тоқып дайын етіп отырды. Бұл дайын тор қора әсіресе малшыларға қат. Талап, Бірлік кеңшарының қойшылары мал қораларына 100 метрлеп тапсырыс беріп жатады. Бибіш апа балаларының бұл тіршілігін көріп сүйсініп, «тоқтамаңдар» деп дем беріп қояды. Осылайша әкенің өнертапқыштық қасиеті балаларды да кәсіпке баулып, жастайынан ата-анаға қолқабыс етуге жол ашты.

***

Ел анасы, 3000-дай баланың кіндік шешесі атанған Бибіш Смағұлованың жары, Ұлы отан соғысының ардагері Тұтқабеков, екеуі де ауыртпалығы мен тауқыметі қатар жүрген өмір жолында басқа түскен сынақты үлкен ерік-жігермен еңсерген жандар. Осы еңбектері үшін мемлекеттік марапаттарға да ие болған.

Екеуі де «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуына 40 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Бибіш апаның аудан денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегі ескеріліп, зейнетке шыққан кезінде жеке иелігіне «УАЗ» автомашинасы сыйға берілген.

Бибіш апа 2003 жылы 9 қаңтарда 82 жасында Қосүйеңкі ауылында қайтыс болды.

Халқы құрметтеген асыл жанның бейнесін ауылдастары ешқашан ұмытпақ емес.

Қиын-қыстау кезеңде ауызбен су тамызған қарлығаштай қиналған елге жәрдем беріп, сол еңбегіне алған алғысымен өзі де көктеп-өніп, елдің анасына айналған Бибіш апа туралы толғамымызды осымен тәмамдаймыз.

Жақсының өзі өмірден өткенімен, өнегесі ешқашан өшпек емес.

Спасибо за чтение

Вернуться к книге