Обложка Қарға

Қарға

Али Сагин

0% прочитано
Стандартный
Али Сагин

Қарға

Глава 1

Жаз айларының ортасында, аптап ыстық күндердің ағымының артын итеріп келетін нөсердің болатынын байқадыңыз ба?! Ауылда доп теуіп, ағаш бұтақтарын сермеп, тас атып, екі-үш бала ойнап жүрген кезде, бір сәтте көкжиекке көз тіксең, қара бұлттардың алыстан төніп келе жатқанын көретін едім. Бұл, әрине, ауа-райының құбылып, күн көзінің қарауынан шөлдеген жер бетінің шаңын басатын Құдайдың берген сыйы ғой. Дегенмен, мен үшін осы күндер шілде мен тамыздың өзге жұлдыздарынан ерекшеленіп тұратын...

«Добыңды, велосипедіңді сарайға кіргіз де, жайылып тұрған киімдерді жинап ал» - деп, моншаның шетіне ілініп тұрған құрттарды торымен бірге жиып алып анам үйге кіргізіп жүр. Батыстан соққан ызғар қатты жаңбырдың болатынын айтып тұрғандай. Әжем де ентігіп, тауық қораның есігін тіреп тұрған кірпішті итеріп «есік-терезелердң жауып тастаңдар. Шал қойлармен жаңбырдың астында қалатын болды. Бекөш, атаңды қарашы, алыстан көрінбейме?» деп інімді жұмсап жіберді. Осы жаздың нөсер алдында жанталасатын сәт бір жағынан өзіме ұнайтын. Теледидардан көретін табиғи апат туралы фильмдегідей сезініп, әрі-бері шауып жүремін. Бір жағынан атам үшін уайымдаймын да... «Найзағай ұрса ше?». «Тәйт, жасыл деп айт» деп, әжем ырымдады.

Берік те жүгіріп келіп, «Ата көрінбейді әлі. Дәу қара бұлттар келе жатыр, қорқып тұрмын. Атам өліп қалмайма?» деген сөздерімен әжемнің бір ашуына тиді. «Әй, бұлар қалай-қалай сөйлейді?! Жаман нәрсені айтпай, ішке кір. Телефон, теледидарды өшіріп кел». Артынан мен де жүгіріп кеттім.

Біздің үй ауылдың шет жағында орналасқан тұғын. Шарбақты айналып, артқы жағына шықсаң, өзен суын жинайтын арық, атам айтқандай «совхоздан қалған бақтың талдары», ал онын ар жағында жусан иісті дала басталады. Сол жақтан қойшылар кешқұрым отарларын айдап келеді.

Көз жүгіртіп шықтым. Алыстан қойларды көргендей болдым. Бірақ өсіп тұрған теректер желмен әрі-бері тербеліп, кедергі келтіріп тұр. Бір қарасам, қара бұлт арықтың тұсына да жетіп қалыпты. Дауыл құтырып, жердегі жеңілдің барлығын өзімен ұшырып жатыр. Қолыма жаңбырдың тамшысы тигенде ойланып тұрдым: «үйге қарай кірсем бе екен, әлде суға дейін жүгіріп, атамды қарап келсем бе...». Бір кезде артымнан Беріктің айқайын естідім: «Үйге кеттік. Жаңбыр жауып кетеді қазір». «Сен бара бер, мен тез-тез жүгіріп барып, қойлардың қай жерде келе жатқанын қарап келемін».

Екі аяғым жерге тимей, арықтың жағасындағы бір ағаша жеттім де, сүйене қалдым. Жел бетіме қарсы ұрып, тұншықтырып тастаған соң, тіземді ұстап, ентігімді басып тұрғаным бар. Содан соң күн жоқ болса да, қолымды маңдайыма қойып алысқа қарадым. Осылай жасаған кезде көзің өткірленіп кететіндей. Иә, алыстан ақ-қарасы аралас бір отар қойды көріп тұрмын. Аттылы адамды да таныдым. Атамның басындағы ақ қалпағынан бірден білуге болады. Ал жақындап баруға батылым бармай тұр. Ұзақ жүру керек. Құйын болса одан әрі ойнатып, бұтақтарды жұлып алғысы келетіндей, жан-жаққа тартқылап, гуілдейді. Арықтағы су бетіне құлаған алғаш жауынның тамшыларының шеңбер-толқындары бір-бірімен соқтығысуда.

Бір сәтте, аспан жарқ етті де, гүрс еткен дауыс естілді. Төбе шашым тік тұрды. Ішімнен бісмиләйімді айтып, жасыл басыма түсіп кетеме деген ойменен қолыммен екі тал шашымды жапқандай қимыл жасадым. Белім бүкшейіп, жоғары жаққа басымды көтеріп қалсам... Қарға.

***

Осы жерден әңгімемді толық аяқтамай, сол күннің түніне оралуды жөн деп шештім. Себебі, жоғарыда айтылған сәтті дәлме-дәл түсімде көрдім. Ұйқымда жалғасын тапқандай болды. Әрі қарай өң мен түстің ұштасқан, фантасмагория мен реализмның тіл табысқан, сезім мен сананың соқтығысқан сәті болмақ.

***

Қарға. Теректің ортаңғы жағындағы қалың бұтаққа тығылып отырған, көздері өткір, басын кезек-кезек оң мен солға қимылдатып, тұмсығынан енді бірде қарқтың орнына сөз шығатындай сәл ашыңқырап алған қап-қара құс маған телміре қалды. Екеуміз көзбе-көз кездескен сәтте денем тітіркеніп, ішімдегі бар жылулық отына мұздай су құйып жібергендей болды.

Қорқыныш деген не? Махаббаттан кейінгі «ұлы» сезім. Сағыңды сындыра да, шымыр қыла алатын да қасиеті бар. Бойыңды билеп алса, ойыңды күйрейтін де осы. Адам неден қорқады?! Құдайдан ба?! Көлеңкесінен бе?! Өзінен бе?! Тірі жанды қоя тұршы; тіпті күннің өзі түннен, отың судан, қараңғы жарығынан сескенеді емес пе?!

Адам қорықпаса Құдайымен теңескісі келеді. Махаббаттан көрі ішіміз қорқынышқа толы. Сананың ең тереңінде сыртына шығуға дайын тұратын бір нәрсе. Шынымен де, бұ дүнияда қорыққаннан жанымыз тәнімізге ілесіп жүргендей. «Құлап қалмаймынба; батып кетсем ше; өлтіріп кетпесін; біліп қоймасын; айта алмайтын сияқтымын; басылып қалмайын; шабуылдаса қайтемін; мені аңдып тұрған секілді.....». Бітпейтін күмән мен шынайылыққа толы осы бір ауыр сезімді Құдайдың берген сыйы деп те ойлаймын.

Адамның жұмбаққа толы табиғатының ең құдіретті құраушысының бірі. Қатерлі өткел мен терең түбі жоқ шұңғырдан құтқарып тұратың болмыстың табиғи дауысы. Оның сыбырынан жанымыз қорған табатындай... Дегенмен оның ауырлығын біздің нәзік жүрегіміз көтере ала ма?! Сол сезімді бірер секундтарға сезінгенде шашымызға қаншама ақ түседі екен?! Ойымызға күмән мен беймәлімдік өрмегін тігіп, жүрегіміздің әр соғысын аңдып отқан өрмекшідей.

Қорқыныш – осалдықтың ішегінде ойналған ән; біздің шынайы болмысымыздың табалдырығында тұрып, есігін айқара ашатын дауыс. Оны тыңдауды үйрену – батылдық.

Алайда, сол күні, сол минутта, сол секундта тұла бойыма тараған әдеттегі қорқыныш емес, материядан бөлініп шыққан субстанция тәріздес табиғаты таза үрей. Төбе шашым тік тұруы түгілі, демімді ішіме тартып, кері шығаруға әлім де жоқ. Бір сәтке денемнен жаным ұшып, тас мүсін кейпінде мәңгіге қатып қалғандай болдым. Аяқ-қолым ауырлап, жерге қарай тартып барады. Бірақ екі көзім қара тұңғиыққа алданып, батып бара жатқандай. Қарға өзінің қап-қара інжудей көздерінің бір тылсым күшімен мені бір орынға қадап қойған секілді. Бойымды билеп алған бұл қорқыныш санама мәңгілікке жағылған қара күйедей орнын қалдырғаны рас.

Бір мезетте «ҚАРҚ» деген жаңғырған дауысы денемді бір сілкіндіріп оятқандай болды. Жан жағыма қарадым. Мені жақтырмай, ашумен, күмәнмен қарап тұрған бір әлем қарғалар. Құдды бір осы құстар ғана мекендейтін аймаққа жат жерден басымды сұғып келген жиһангездеймін. Тағы да «ҚАРҚ» етті. Бұл ірілеу келгені олардың «әміршісі» секілді. Артынан қалғандары шулай жөнелді. Мен үйге қарай қаша жөнелдім.

Көзім көрсе де, құлағым естісе де соқыр-мылқау жан секілді басым бұрылған жаққа жүгіріп келемін. Қораның есігіне жетсем болғаны. Бір кезде, аяғым шалынып, құлай қалдым. Тарс етіп басымды да соқтым. Көздерім қарауытып, басым айналып барады. Кенет, аспанға қарасам қара бұлтты қанатымен қаптап алған қалың қарғалардың тобы бір-бірлеп төмен түсіп мені тұмсығымен шұқи бастады. Қолымды жан-жаққа сермеп «кет, әйт, кет!» деп айқайлап жатырмын. Одан сайын ызалана түсті. Шекемді екі-үшеуі қанатып та үлгерді. Қолыма түскен тасты лақтырып жібердім де, орнымнан тұрып кері аяқ бастым. Артымнан қуып келеді. Екі қолыммен шашымды жауып, аяғым жерге тимей ұшып келемін.

***

Шегені бұрап, есікті жауып алдым. «Енді кіре алмайды» деп екі алақаныммен тіземе тіреле жөнелдім. Жүрегім ауызымнан шығып кете жаздайтындай. Маңдайымды сипап ем, қолыма жағылған қызылды көрдім. Дегенмен, қызумен тұрғасын ба, демігіп қалғансын ба ауырғаны сезілмейді. Ендігі мәселе қорадан үйге кіру болып тұр.

Қойлардың маңыраған дауыстарын естігенде атамның келгенін де түсіндім. «Үйге кіріп кеткен болуы керек, сірә». Қораның төбесінен естілетін не жаңбырдың, не қарғаның дыбысы екені белгісіз. Аулаға шығатын есікке де жақындап, сығалап тұрмын. Қара қанаттылар көрінбейтін секілді. Арқанмен бір орап байланған жіпті шеше бастаған кезде қаңылтыр есікті «қарқ» етіп біреуі бір түйді. Артқа қадам жасадым. Екіншісі түйді. Арты-артынан барлығы келіп шіріп тұрған темірге шабуылдай бастады.

Қой қораға қарай кетіп қалдым. Тарс-гүрс еткен дауысты естіп жатырмын. Бір кезде есіктің қайырылып, ашық қалған кішкене жерден бұл қанаты бар бәленің бірінен соң бірі кіріп жатқанын көрдім. Мен болсам, қой-ешкінің арасына отыра қалдым. Қанша тығылсам да, тауып алатын секілді. Көзімді қатты қысып жұмып та алдым. «Бісмилләһ, Құдайым жар бола көр. Өзің көмектесе көр». Төбені шарлап, әрі-бері ұшып, қарғалар мені іздей бастағаны сөзсіз. Ішімнен Құдайға жалбарынып отырмын. Басымнан аққан жылы қан да қабағыма дейін жетіп қалыпты.

Бір-екі минуттан соң тынышталып та қалды. Сонда да, басымды көтеріп қарауға жүрегімнің түгі жоқ. Тағы біраз уақыт отырдым. «Бәә-бәә» деген қойлардың ащы дауысынан басқа ешнәрсе құлағыма келіп жатпағандай. Ішімнен онға дейін санадым да, орнымнан көтеріліп жоғарыға қарай көз жүгірттім. Әзірше тыныш. Енді-енді қадам басқалы жатқанда көрген бейнеден не жыларымды, не күлерімді білмей тұрып қалдым. Әр малдың үстіне жайғаса, өткір тырнақтарымен ілініп отырған қарғаларды көрдім. Қара түнектің айнасындай мыңдаған кішкентай құс көздері мені аңдып тұр. Бір қадам алға... Дәл алдымнан «әміршілері» шықты да көзіме бас салды. Қабағыма қатып қалған қызыл қанның орнынан жаңасы атқылады. Екінші көзімнен де айырылып қалдым. Өз айқайымнан өзім саңырау болдым. Екі қолыммен жарық дүниені көруге нәсіп болатын мүшемнің орнын басып ұстап тұрмын. Тоқтамастан төгіліп жатқан жып-жылы қан. Тізерлеп құлай жөнелдім. Дәрменсіздік. Шарасыздық. Өлімнің иісі.

***

Құлақ. Мұрын. Саусақтарым. Мойыным. Тырнақтарым. Шашым. Бетім. Ерінім. Тілім. Барлығын бір-бірлеп жұлып әкетуде. Бұл малғұндар мені тірілей қорек етуді жөн көрді. Жаным шыға алмай, қиналып жатырмын. Ауырып барады. Айқайлайтын күш те қалмады. Олар да тоқтар емес. Артынша ұйқыға кеттім...

***

Аспанда ұшып жүрмін. Қанатым бар. Сөйлейін десем қарқылдағаннан басқа нәрсе айта алмаймын. Мен – қарға. Биіктен өз үйімді, қораның жусанмен қапталған төбесін, оның үстінде қалып қойған сары добымды, апамның жасаған құрттарын, Беріктің велосипедін, теледидардың антенін - барлығын-барлығын ап-анық көріп тұрмын. Арық жағасындағы талдарға қарай бет алдым. Бір ағаштың бұтағына жайғаса жөнелдім. Қызық екен. Мен қарғамын.

Бір сәтте ағашқа сүйеніп, далаға телміре қарап тұрған өзімді көрдім. Ол маған қарады. Сол бір сәтте мен және қорқыныш бетпе-бет кездестік. Бұл қорыққан он екі жасар бала емес, үрейдің адами формасы. Бұл көздер үрейдің нағыз өзі.

Атымды айтқым келген – орнына «ҚАРҚ» деген дауыс шықты. Мен, яғни атасын күтіп тұрған бала, ытқып ытқып үйіне қарай қаша кетті.

***

Түнде шошып ояндым. Түс екен. Көзім орнында. Қызуым шығып, терлеп жатыр екем. Сүрініп құлаған сәтте тасқа басымды соғып, есімнен танып қалыппын. Атам мені көріп қалып, үйге көтеріп алып келіпті. Дәрігерлердің келгені еміс-еміс есімде. Әжем қасымдағы орындықта қисайып ұйықтап қалыпты. Әлі де сенер емеспін?! Тірі қалғаныма қуанып та тұрмын. Сағатқа қарасам түн жарым болған. Біраз уақыт көз ілмей, басымнан өткен оқиғаны, одан соң әр нәрсені ойлап жаттым да, тәтті ұйқыға кеттім.

***

Енді мен қарғамын.

Ақсай. Шілде-Қараша 2023

АВТОР СӨЗІ

Бұл әңгімені жазуға өз басымнан өткен оқиға себеп болды. Әрине, қарғаның маған шабуылдағаны, тасқа құлап басымнан соққаны қалам мен қиялдың ұштасуынан пайда болған мәтін. Дегенмен, сол бір үлкен қара қарғаның маған телміре қарауы әлі есімнен кетпейді.

Әңгіме мистикалық және фантасмагориялық жанрда жазылған. Қарға – қорқыныштың метафорасы. Қорқынышпен адам жалғыз қалғанда дәрменсіз, шарасыз, аяқ-қолы байлаулы қалғандай сезімде болады. Ал оны жеңу ең қиын сынақ екенін өзіңіз де білесіз. «Мен қарғамын» деген сөйлемді енді түсіндіңіздер деп ойлаймын.

Жалпы, үрейдің натурасының әдебиетте мистикалық, готикалық және хоррор бағытында терең психологиялық және философиялық картинасын аша білген Говард Филлипс Лавкрафт, Эдгар Алан По, Брэм Стокер және Стивен Кинг секілді бірнеше классикалық авторлардың туындылары осы әңгіменнің дүниеге келуіне себепші болғанын атап өтуді маңызды деп санаймын.

Сонымен қатар, мәтіндегі әдеби-стилистикалық, пунктуациялық және контексттік қателерге дұрыстау енгізгіңіз келсе, критикалық бағаларыңыз, айтар ойларыңыз болса, бөліскендеріңіз мен үшін өте маңызды. Барлық иллюстрациялар жасанды интеллект көмегімен жасалынды. Уақытыңызды бөліп, оқығаныңыз үшін алғыс білдіремін.

Менің телеграмм каналым: https://t.me/+3mX8JCLGOjFiNWIy

Менің инстаграмм парақшам: @bylisag@book.li.sag

Менің электронды почтам: bylisag@gmail.com

Спасибо за чтение

Вернуться к книге